ОТАНДЫҚ ӨНІМ ЛАТВИЯ НАРЫҒЫНДА САТЫЛЫМҒА ШЫҚТЫ

0
35

Мемлекет азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейін көтеруі қажет. Ол үшін азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жеке кәсіпкерлікті көбейту арқылы нақты өнім өндіру, онда да бәсекеге қабілетті тауар өндіруге қол жеткізу қажет. Сонда ғана сұранысқа ие өнімдер мен тауарлар табыс әкеліп, бәсекеге қабілеттері экспортқа шығарылып ел қазынасына қаржы құйылады, әрі кәсіп иелерінің өмір сүру деңгейі жоғарылайды. Осы мақсаттарға жету жолында Түркістан облысында мемлекеттің қолдауымен жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалықтары, шағын және орта кәсіпкерлік жыл сайын дамып, олардың өнімдеріне өз елімізде ғана емес, республикадан тыс жерлерде де сұраныс пайда болуда.
Мәселен, Түркістан облысы, Сайрам ауданында өндірілетін «Altyn bala», «Oh,Diapers» жөргектері Латвия мемлекетінің нарығына сатылымға шықты.
«Capable group» отандық жөргек өндіретін компанияның құрылтайшысы Баянсұлу Оразалиева Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Кәріповпен кездесіп, отандық өнім әлеуетін арттыру жайын талқылады. Елші қазақстандық өнімнің Европа нарығына шығуы мақтаныш екенін атап өтіп, нарықта өз орнын алуына қолдау білдіретінін жеткізді.
«Capable group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі – елімізде балаларға арналған бір реттік жаялықтар өндіретін бірінші және жалғыз кәсіпорын. Қазіргі уақытта өндіріс орны 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бір ерекшелігі, жұмысшылардың 60 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды.
ТМД елдерінде өзіндік орны бар жөргек өндіруші компания еліміздің және шетелдің тұтынушыларына сапалы әрі қолжетімді өнімдер ұсынады. Өндіріс орнының өнімдері жапон технологиясымен, Еуропа стандарттарына сай өндіріледі және толық сертификатталған. Заманауи технологиялар минутына 1000-нан астам жөргек шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ зауыт толық автоматтандырылған. Одан бөлек, Siemens автоматтандыру жүйесі орнатылған.
Мемлекет жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашуға ниет еткендерге бизнестің әліппесін үйренуіне, бизнес-жоспар жасауға көмектесіп, кәсіпкерлігін бастап жүргізуіне қолдау көрсетіп, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беруді де жүзеге асырып келеді.
«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде Шардара ауданында 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 81 азаматқа беру жоспарланып, маусым,тамыз айларында өткізілген 2 лек комиссия отырысының қорытындысымен 81 азамат оң қорытынды алған болатын.
Соның бірі қолдан шұжық (колбаса) жасаумен айналысатын Назерке Жомартқызы. Ол мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысып, бүгінгі таңда ауданды үй шұжығымен қамтамасыз етіп отыр.
«Мен шұжық жасауды осыдан бір жыл алдын оқып, бастадым. Өздеріңізге белгілі бүгінгі таңда табиғи өнімге сұраныс жоғары. Соны ескеріп мен шұжықты таза қаракесек еттен жасауды қолға алдым. Бірақ таза еттен жасалған өнімнің бағасы нарықтағы бағадан қымбаттау болғандықтан аз-аздан дүкендерге өткізіп, өзім де онлайн түрде тұтынушыларға жеткізудемін. Жалпы қандай кәсіптің болсын дамуы үшін заманауи аппараттар қажет. Бұл тұрғыда мен мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға арналған қайтарымсыз грантқа қатысып, бизнес идеямды қорғап шықтым. Міне, қазір өзіме қажетті аппараттарды алып, жұмыс өнімділігін арттырудамын.»- дейді кәсіпкер.
Бүгінгі таңда, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие және басқа да қолдаулар жыл сайын артуда.