ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ АРҚЫЛЫ ОНЫҢ САПАСЫ АРТТЫРЫЛАДЫ

0
63

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, соның ішінде автокөлік жолдары жайында «Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз» деп салада жұмысты ширата түсуді тапсырды.
Түркістан облысы тоғыз жолдың тобасында орналасқан және аумағында әкімшілік бөліністері көп, қала, аудандар мен елдімекендерінің молдығынан автокөлік жолдарымен шым-шытырық шырмалып жатқан аймақ. Сондықтан да облыс аумағында халықаралық транзиттік, республикалық, облыстық және жергілікті автокөлік мгистралы мен жолдары да жеткілікті. Ол автокөлік жолдары облыс экономикасының күретамырындай болып өндірістік, ауыл шаруашылық, жүк тасымалы, жолаушылар тасымалдау, тағы басқа да мақсаттарға пайдаланылады. Ол жолдарды дұрыс та тиімді пайдалану арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосуға толық мүмкіндік бар. Сондықтан да облыс әкімдігі өңірдегі автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жоспарлы жүргізе отырып, жолдардың сапасын арттыруға көңіл бөлуде.
Биыл облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 1 103,3 шақырым жол мен көшелер қамтылады. Жыл қорытындысымен 547 шақырым жол пайдалануға берілмек. Оның ішінде, облыстық маңызы бар 291,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүріп, 111,8 шақырым жол пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 159,5 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп, жыл қорытындысымен 142,1 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар, өңірдегі елді мекендердегі 652,7 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылып, биыл 293,1 шақырымы пайдалануға беріледі. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 140 елді мекенде 347 көше қамтылған. Жыл соңына дейін 130,1 шақырым көше пайдалануға беріледі. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 3 983 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым , елді мекен көшелері — 11 305 шақырымды құрайды.