ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУҒА МАҢЫЗ БЕРІЛЕДІ

0
53

Мемлекет тарапынан елімізде қазақстандықтардың жеке істерін ашып, кәсіпкерлікпен айнеалысуына, бизнес жүргізуіне жайлы жағдай жасау үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық жобалар, айтарлықтай жеңілдіктер жасалынып келеді. Сол бағдарламалар мен жеңілдіктерді пайдалана отырып қазақстандықтар бизнестерін бастап елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлес те қосып келеді. Дегенмен, бизнестерін жүргізушілер арасында әйелдердің үлесі әлі де кемшін соғып жатыр. Сондықтан да, әйелдер бизнесі мен кәсіпкерлігіне кең жол ашу үшін олардың арнайы кооперативтерін құрып, осы сала бойынша кеңес беретін орталықтарын ашу өңірлерде әйел кәсіпкерлердің молаюына септік етпек.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ыстамбул Сауда палатасы мен Кәсіпкер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар серіктестік шарттарын талқылап, мүмкіндіктерді саралады. Қауымдастық мүшелері Сабрие Коджабалкан, Мехлика Гидер, Капуджу Аху қазақстандық кәсіпкер әйелдермен іскерлік байланысты нығайту, серіктестікті дамыту бойынша жобаларын таныстырып, ұсыныстарын жеткізді. Нұрбол Тұрашбеков Түркістан өңірінің ерекшеліктерін баяндап өтті.
Жоба аясында Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін арнайы кооперативтер құру, брендинг және коммерцияландыру мәселелері бойынша кеңес беру орталығын ашу ұсынылды. Бұл бастама Түркияда әйелдер кооперативі мен KAISDER бизнес-одағының тәжірибесіне негізделіп, Қазақстанда әйелдерге бағытталған пилоттық кооперативтер құруды көздейді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және тоқыма секторларында әйелдер кооперативтерін құру жоспарланып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігінің мүмкіндіктерін кеңейту және олардың экономикалық тәуелсіздігін арттыру.
Түркияның Bikoop әйелдер кооперативі мен KAISDER қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асырылатын жоба әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына үлкен ықпал етіп, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтпек. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және әйелдерге экономикалық тұрғыдан теңдікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
2024 жылы Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн. теңгеден асты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 111 %-ды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1 214,0 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда нақты көлем индексі – 110,1%.
Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 44,4% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 540 млрд. теңгеге жетті. Өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 48,2% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 585,4 млрд. теңгені құрады. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 24 957 млн. теңгені құрайтын және 528 жұмыс орны ашылған 13 инвестициялық жоба іске асырылды.
Атап айтсақ, «Ideal Turkistan» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «AsiaBrand» ЖК-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Ет өнімдерін қайта өңдеу» жобасы (30 жұмыс орны), «СП ТУРАН-МЕБЕЛЬ» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (40 жұмыс орны), «Қазақстан Нұр 001» ЖШС-нің шұлық өндірісі (30 жұмыс орны), «GRAND STROY KAZ» ЖШС-нің «Темірбетон бұйымдарын өндіру» жобасы (30 жұмыс орны), «Akniet Holding» жиһаз фабрикасы (80 жұмыс орны), «BNK Group Ltd» ЖШС-нің «Жаңбырлатып суғару құрылғыларын өндіру» жобасы (20 жұмыс орны), «Бөрте Милка» «Сүт өңдеу зауытын кеңейту» жобасы (18 жұмыс орны) ашылды. Сонымен бірге «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасы (50 жұмыс орны), «KazPlast» ЖШС-нің тігін фабрикасы (150 жұмыс орны), «BASPOLYMER» ЖШС-нің «Полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды, тамшы таспаларды шығару бойынша ірі-тораптық зауыт салу» жобасы 15 жұмыс орны, «CaPable Group» МҚБ» «Қолданыстағы қуатты кеңейту. Итальяндық технология бойынша жөргектердің жаңа түрін өндіру жобасы іске қосылған.
Аймақта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда.