МАҚСАТ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮ

ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуал алаңдаушылық тудырып отырғанын айтып, отбасылардың бала сүйе алмауы, ажырасу санының артып кетуі, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі әлі де өзекті екендігін алға тартты. Президент балаларға қатысты жыныстық әрекеті үшін қылмыстық жазаны қатаңдатуды тапсырды. Сонымен қоса әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек екенін алға қойды. Міне, содан бастап республикада ана мен бала құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар жанданып, заңдар мен тиісті бағдарламалар да қабылдана бастады.
Ана мен баланы қорғаудың заңнамалық негіздері көптеген мемлекеттердің Конституцияларында, арнайы қабылданған Еңбек кодексі, Отбасы кодекстерінде, бірқатар заңдарда, атап айтқанда, «Денсаулық сақтау туралы», «Бала құқықтарының кепілдіктері туралы» Заңдарда және өзге де заңнамалық актілерде көрсетілген. Ана мен баланың құқығын қорғау, әлеуметтік және денсаулық жағдайын жасау туралы түрлі қорлар, кеңестер мен қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Соңғы уақытта қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде көптеген елдерде өмір сүрудің орташа жасы өсіп, аналар мен балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіштері төмендеп, аурулардың алдын алу және тиімді емдеу шараларымен қамтамасыз етіліп келеді.
Денсаулық сақтау жүйесін реформалау шеңберінде аналар мен балалардың денсаулығын қорғаудың ұлттық моделдері қалыптасты, оның жоғары тиімділігін түрлі елдердің сарапшылары атап өтуде. Осылайша Ана мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді іс-шаралар ел тұрақтылығының негізін қалайды, отбасылық дәстүрді сақтауға бағытталған шаралар жалпы қоғамның дамуына оң әсер етеді. Оған елімізде іске асырылып жатқан құқықтық заңдар дәлел бола алады деуге толық негіз бар. Құқық қорғау органдары да ана мен бала құқығын қорғау бойынша көптеген жұмыстар атқаруда.
Түркістан облысында «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шара барысында полицейлер 900-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Негізгі мақсат — отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және тосқауыл қою.
Полиция қызметкерлері ішкі істер органдарында есепте тұрған 3876 адамды тексерді. Оның ішінде қорғау нұсқамасы шығарылғаны 853 адам болса, ерекше талап қойылғаны 444 тұрғын. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 487 ата-ана бақылауға алынды. Бұдан бөлек, полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 263 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасын шығарды. 82 тұрғынның мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгіленді, оның ішінде 62 адамға алкоголь ішуге тыйым салынды.
Мәселен, Төлеби ауданының тұрғыны күйеуімен болған отбасылық жанжалға байланысты полициядан көмек сұрады. Полицейлер ер адамға қатысты қорғау нұсқамасын шығарды, есепке алды. Сондай-ақ 40 жастағы әйелге әлеуметтік-психологиялық қолдау секторында құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді.
«Тұрмыс» іс-шара аясында барлығы 947 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде 30-дан астам ата-ана бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Алкогольді сату жөніндегі талаптарды бұзған 36 адам анықталды. Алкогольді ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болғаны үшін 387 тұрғынға шара көрілді.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп-жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 490 жайты анықталды. Іс-шара аясында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары есепте тұрған немесе құқықтық көмек пен қорғауға мұқтаж отбасыларымен тығыз жұмыс жасап, оларға жан-жақты қолдау білдіріп, көмектесу бойынша нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
«Бірер жыл алдын қызым қиын жағдайға тап болды, өмір сүргісі келмейтін дәрежеге жетті. Осы кезде полицей Айжан біздің отбасымызды қолдады. Барлық жағынан құқықтық кеңес берді, өтпелі кезеңде жүрген қызымның жақсы жаққа өзгеруіне ат салысты. Қолдау білдіріп, жанымыздан табылған полицейге шынайы алғысымды білдіремін!»- дейді арыстық тұрғын.
Тұрғынның алғысына бөленген бұл қызметкер, Арыс аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айжан Мырзахметова. Ол күнделікті қорғау нұсқамасына алынған отбасыларды бақылап, тексеру жүргізеді.
Бүгінде тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіруде. Мәселен өткен жылы зорлық-зомбылыққа қарсы 139 профилактикалық іс-шара өткізіп, аудан көлемінде 900 дана жаднама таратқан.