ТЕРРОРИЗМ, ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ, АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЮДЕ

0
31

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы көктемде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Қауіпсіздік кеңесінің хатшыларымен кездесуде «Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. Бүгінде мұндай қатерлердің сейілмегені өз алдына, олар түрленіп, бұрынғыдан бетер қауіпті бола түсті. Сондықтан біздің тарапымыздан анағұрлым жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет»,-деді.
Сонымен қатар, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы дін мәселесін көтеріп, деструктивті насихаттардың зиянын тілге тиек етті.
«Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!» дей келіп деструктивті діндердің насихатына еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүргендіктен зардап-залалы өте зор болуы мүмкін екенін айтқан.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары М.Қырықбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның жұмысшы тобының кезекті отырысы өтті.
Жиында қоғамдық қауіпсіздік пен экстремизмнің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар қаралып, күн тәртібіне екі негізгі мәселе енгізілді.
Алғашқы мәселе ретінде қалада тіркелген деструктивті діни ағым (ДДА) жақтастарына және олардың жақын туыстарына қатысты жүргізіліп жатқан профилактикалық оңалту жұмыстары талқыланды. Бұл жөнінде Түркістан қалалық және Сауран аудандық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының басшысы Ділмұрат Нұржанов, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ербол Оралбаев және қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова баяндама жасап, осы бағытта қолға алынған іс-шаралар мен алдағы міндеттерді ортаға салды. Олар идеологиялық қарсы әрекеттерді күшейту, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын кеңейту және алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қала әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның жұмысшы тобының №1 хаттамасының орындалу барысы. Бұл туралы терроризмге қарсы комиссия хатшысы Жасұлан Опаш баяндап, хаттамада белгіленген тапсырмалардың орындалу деңгейі мен алдағы жоспарлар жөнінде есеп берді.
Отырыс барысында қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі нығайту, деструктивті діни ағымдармен күресті күшейту, құқық қорғау органдары мен тиісті мекемелердің өзара іс-қимылын жандандыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан қаласы әкімдігі экстремизмнің алдын алу, терроризмге қарсы күресті күшейту және тұрғындар арасында тұрақтылықты сақтау мақсатында жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы таяуда «Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек.
Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек» деп интернет алаяқтыққа, қоғам тұрақтылығын бұзуға қарсы барлық деңгейде жұмыс жүргізуді тапсырды.
Түркістан облысы Кентау қалалық полиция бөлімі қызметкерлері мен ерікті жастар бірлесіп интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша профилактикалық іс-шара өткізді. Аталмыш шарада тұрғын үйлермен адамдар көп шоғырланатын орындар мен сауда үйлері қамтылды.
Шараның басты мақсаты — тұрғындарды интернеттегі алаяқтардан қорғау әдістері туралы ақпараттандыру және ең кең таралған алаяқтық схемалары туралы ескерту. Полиция қызметкерлері тұрғындарға қалай әрекет ету керектігі және алаяқтарды қалай тануға болатыны туралы түсіндіріп берді.
Сондай-ақ профилактика кезінде интернет-алаяқтық әдістері және жеке деректерді қорғау бойынша кеңестер берілген 1000-нан астам ақпараттық хабарлама таратылды. Сонымен қатар 5 лед-экранда профилактикалық роликтер көрсетілуде.