СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру дамыған елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының маңызды элементтерінің бірі болып саналады.
Кейбір ғалымдардың жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің негізінде 31 проблеманың ішінде бірінші орында – инфляция, ал екінші орында – сыбайлас жемқорлық екені анықталды.
Қоғамның сыбайлас жемқорлық қылмыстарға және құқық бұзушылыққа немқұрайлылығы сыбайлас жемқорлықтың өзі сияқты зұлымдық болып табылады. Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті, сыбайлас жемқорлыққа тұрақты иммунитеті болмаса, қалаулы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Біздің қоғамның әрбір толыққанды және дені сау мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ісі екенін түсінуге тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың маңызды бөлігі болып табылады және білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамуы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық өмірінің деңгейінің жоғары болуы мемлекеттегі парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесімен тығыз байланысты. Өйткені, мемлекеттік бюджетті «көз қысты, бармақ бастылықпен» талан-таражға салып, сыбайластықпен иеленіп, ысырап ету және мемлекеттік мекемелердегі парақорлық елдің дамуын тежейтін зиянды құбылыстар. Ондай құбылыстармен республикамызда мемлекет пен қоғам, халық бірлесе күрес жүргізе бастады. Халықтың құқықтық сауаттылығын көтеріп, парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа төзбестігін қалыптастыру бағытында да жоспарлы жұмыстар жасалынуда.
Түркістан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан құрылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» шалғайдағы Жаңа Шілік, Темір және Қарақоңыр ауыл тұрғындарына Заң аясында құқықтық кеңестер көрсетті.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған науқанда 80-ге жуық ауыл тұрғындарына мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган өкілдері, адвокаттар мен сот орындаушылар және антикор еріктілер интернет желісіне қосу, мектеп жанына камера орнату, азаматтық алу, зейнеткерлікке шығу, науқастығына байланысты мүгедек топқа шығу, қайтыс болу фактісін анықтау, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, төленбеген несиелердің пайызын төмендетудің тәртібі туралы кеңестер берілді.
Сонымен бірге, Антикор еріктілер Отырар ауданындағы әлеуметтік нысандарға, балалар ойын және спорт алаңшаларына қоғамдық бақылау жүргізілді, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы комплаенс — қызметкерлермен, кәсіпкерлермен, жастармен, дін өкілдерімен, медицина, әлеуметтік сала мамандарымен кездесулер өтті.
Қоғамдық бақылау барысында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру мақсатында әкімдік басшылығымен лездемелік мәжіліс ұйымдастырылып, хаттамалық тапсырмалар берілді. Тапсырмалардың орындалуы Департамент және аудандық Әкімдік бақылауында.
Айта кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері облыс аумағындағы елді-мекендер мен ауыл тұрғындарына тегін кәсіби-құқықтық көмек көрсетуді және әлеуметтік нысандарға қоғамдық бақылады тұрақты түрде жүргізетін болады.
Сыьайлас жемқорлықтың, парақорлықтың тамырына балта шабуда мемлекеттік мекемелер тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапалылығы мен әр азамат үшін қолжетімді болуының да нәтижелі маңызы бар. Сондықтан Түркістан облысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қадағалау үшін қоғамдық бақылау жұмыстары жүзеге асырылып отырады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапалы әрі қолжетімділігін қадағалау мақсатында кезекті қоғамдық бақылау жұмыстары Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүргізілді.
Аталған іс-шараға Кентау қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің мамандары қатысты.
Қоғамдық бақылау барысында, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдайы, қызмет алушыларға арналған қабылдаудың сапалы ұйымдастырылуы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының болуы бақыланды.
Сонымен қатар, қызмет алушылардың сұраныстарына назар аудара отырып, өтініштерді қарау кезінде әуре-сарсаңды болдырмай, мемлекеттік қызмет көрсету барысында тиісті жағдай жасау, сондай-ақ, клиентке бағдарлану қағидасымен жұмыс жасау керектігі түсіндірілді.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерге тұрақты түрде қоғамдық бақылау жұмыстары жүргізілетін болады.