АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА АҒЫН СУ ҮНЕМДЕУ ӨЗЕКТІ

0
39

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет» деп ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті. Сонымен бірге ол аймақтағы су тапшылығы мәселесінің күрделеніп келе жатқанына байланысты барлық деңейде суды үнемшілдікпен пайдалану тәсілдеріне көшу, үнемдеу құралдарын шығару, ылғалды аз қажетсінетін дақылдарды көбірек егу жағын ойластыруды да тапсырды.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса көңіл бөлінеді. Сол сияқты егістікке арналған ағын суды үнемдеу бағытында да нақты шаралар қолға алынып, ізденістер жалғасуда. Соның бірі Сауран ауданында су үнемдеу құралдарын шығаратын өндіріс орнының іске қосылып, өнім шығаруға кіріскені.
Су мәселесіне байланысты облыстың барлық ауыл шаруашылығы аймақтарында жоспарлы түрде жиі басқосулар болып, су мәселесін үнемі қадағалап отырады.
Сауран аудандық басқармалар үйінде ауданның ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша құрылған кеңес мәжілісінің отырысы өтті. Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, мәслихат депутаттары, «ҚазСуШар» РМК, «Тұран су» ШЖҚ МКК басшылары, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының су бөлімі, ауыл шаруашылығы кеңесінің мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 2025 жылғы егіншілік кезеңінде ауыл шаруашылығы жерлерін ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Алғашқы сөзді Сауран ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров алып, аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ол аймақтағы су тапшылығының алдын алу, су ресурстарын тиімді пайдалану және егістік жерлерді толықтай ағын сумен қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан шараларға тоқталды. Алдымен, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров сөз алып, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы дайындық жұмыстары мен көктемгі егіс науқанының жоспары туралы мәлімет берді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға бағытталған жұмыстарды және техникалардың әзірлігін атап өтті.
Келесі баяндама «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесовке берілді. Ол өз баяндамасында су жүйелерінің жағдайы, олардың күтімі мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ алдағы маусымға дайындық барысы туралы айтты. «ҚазСуШар» РМК Түркістан облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Жандарбек Бақашбаев та өз кезегінде сөз алып, су ресурстарын басқару, су жүйелерін жаңғырту және тиімді бөлу шараларын жүзеге асыру жөнінде баяндама жасады.
Мәжіліс барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы саласында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастырды. Қатысушылар су тапшылығының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді суландыру, жаңа технологияларды енгізу және ирригациялық жүйелерді жақсарту қажеттігін атап өтті. Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалау керектігін айтты.
Аудан әкімі Сауран ауданында орналасқан «BNK GROUP LTD» ЖШС кәсіпорнында болып, басшыларымен кездесті.
Жұмыс жоспарына сәйкес, бұл зауытта жылына 1 мың арнайы техника шығару көзделген. Жоба биыл жүзеге асады деп жоспарланған. Айта кетейік, осы зауытта елімізде алғаш болып жаңбырлатып суару машиналары шығарыла бастады. Бүгінде Түркістанда жасалған өнімге сұраныс артқан. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK Irrigation» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.