100 ПАЙЫЗ КӨШЕ ЖАРЫҚШАМДАРЫМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНУДА

0
30

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев ауылды аймақтардың дамуы инфрақұрылымдардың сапасына байланысты екенін, сонда ғана өңірдің қуаты артып, әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосылатынын айтқан. Сондықтан да, Түркістан облысының барлық өңірлерінде инфрақұрылымдарды жаңғырту мен дамыту мәселесіне үнемі көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде теріскейдегі Созақ ауданында да бұл мәселе күн тәртібінде тұр.
Аудан экономикасын дамыту мен ішкі жолдардың сапасын арттыру мақсатында
2025 жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге артып, жалпы 1 миллиард 288 миллион 560 мың теңге бөлінді. Бұл қаржы есебінен 66,4 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелеріне асфальт жабындысы мен қиыршық тас төселетін болады. Осылайша ішкі жолдардың жөнделуіне қаралған қаржы көлемі екі есеге артып, ауданның елдімекендерін жүз пайыз көше жарқышамдарымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Бұған қоса «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында 424 миллион 963 мың теңгеге 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше асфальт жабындысымен жаңартылатын болады.
Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында мәлімдеді. Сондай-ақ осы жылы аудан бойынша барлық ауылдар мен елді мекендердің ішкі көшелерін 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамту жоспарланып отырғанын айтты. Өзге де өзекті мәселелерді оңтайландыру бағытында қолға алынған жұмыстар мен нәтижелері жайында жан-жақты баяндады.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданымызда 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы 26,1 шақырым жол жаңартылды.
Аудандық бюджет есебінен 21,2 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысы мен қиыршық тас төселді. Бұл жұмыстар ауылдардың ішкі жолдарының сапасын жақсартуға және азаматтардың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, аудандағы елді мекендердің ішкі жолдарындағы асфальт жабындысының үлесі 66 пайыздан 69 пайызға дейін артқан.
Ал, Жуантөбе ауылының аумағында Шу өзенінің солтүстік бетінде орналасқан ескі бөгетті жаңарту жұмыстары толық аяқталды. 2 шақырымнан астам бөгет қайта қалыпқа келтірілді. Су тасқынынан алдын алу мақсатында жүргізілген шаралар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Осы ретте, аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов Жуантөбе ауылына арнайы барып, атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша жиын өткізді. Жиын барысында ел қауіпсіздігі үшін атқарылған ауқымды шараларға барынша қолдау көрсеткен барлық мекемелер мен көлік жүргізуші машинисттерге, сондай-ақ ауыл тұрғындарына ерекше алғысын білдірді.
Көлік жүргізушілерін ерекше кәсіби шеберлік танытып, белсенділікпен қатысқандары үшін аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапаттап, құрмет көрсетті.
Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде Түркістан облысының аймақтарында баспанасыз ауылдастарына асарлатып, немесе қаржы жинап баспана салып беріп, бір шаңырақтың қиыншылықтан құрылып, шаңырақ шаттығын сезінуіне жәрдемдесушілер қатары көбейіп келеді. Осы үрдіс жалғасын тауып таяуда Созақ ауылында 1975 жылы туылған азаматтар игі іске бастамашы болды. 72 жастағы жалғыз басты анаға баспана тарту етіп, қуаныш сыйланды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков игі шараға арнайы қатысты. Баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.
«Бүгін біз өзара көмек пен қолдаудың жарқын үлгісін көріп отырмыз. Әрбір адамға баспана мен жылы орын беру – ең бірінші адамгершілік пен қоғам алдындағы жауапкершілік. Бұл шара біздің өңірімізде ынтымақтастық пен бірліктің нығаюына зор үлес қосатынына сенімдімін», – деді аудан басшысы. Игі іске ұйытқы болған бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев өз кезегінде жаңа үй иесіне ізгі тілегін арнап, жасалған жақсылықтың тек бір отбасыға емес, барлық аудан тұрғындарына үлгі болатынын айтты.
Сонымен қатар, ауыл қариялары Бейімбет Байғараұлы мен Асылхан Нұрымбетов игі бастамаға қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы алғыстарын білдіріп, ұрпақтар сабақтастығы, ынтымақ пен бірліктің маңыздылығы жөнінде сөз қозғады.
«Мен үшін бұл қоныс тойы ерекше күн. Осы қуанышты сәтті бізбен бөлісіп, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысым шексіз», – деген баспана иесі өз алғысы мен ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, заман талабына сай жабдықталған жаңа үй 5 бөлмеден тұрады. Үйдің ішкі кеңістігінде жоғары сапалы құрылыс материалдары қолданылған. Ішкі құрылымы толықтай жылу жүйесімен қамтамасыз етіліп, жайлылығы арта түскен. Ауласы қоршалып, қосымша бақша дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді.