БАРЛЫҚ САЛА БОЙЫНША ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс әкімі аппараты, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен жиналыс өткізіп, алда атқарылатын жұмыстар мен басым бағыттарға тоқталды. Өңір басшысы аймақтың өзекті мәселелерін зерделеп, шешу бағытында нақты істер атқарылатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыру, ішкі жалпы өнім көлемін арттыру, өңірді дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында тапсырмалар жүктеді. Ел Президенті мен Үкіметтің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындауымыз қажет. Облысты дамыту мақсатында біз өндірісті өркендету, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашуға басымдық береміз. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына өздерінің функционалдық міндеттерін сапалы атқарып, жұмыс барысында оң көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырамын. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су үнемдейтін технологияны енгізу, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдар алқабын көбейту – уақыт талабы. Инфрақұрылымды жақсарту мәселесі және құрылыс жұмыстарының сапасы басты назарда болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте облысты дамыту, барлық сала бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру жолдары талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.
ҚР Президентінің тапсырмаларын және Жолдауларында алға қойған міндеттерін облыс аумағында жүзеге асыру жолында атқарылып жатқан жұмыстар аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтың назарында. Облыс әкімі өзі өткізген жиналыстарда қарамағындағыларға берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттердің сапалы атқарылуын үнемі бақылауында ұстап, өзі жиі аралап қадағалап та отырады. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көзімен көріп кемшіліктер болса оны тез арада жөндеу бағытында тапсырмалар береді.
Түркістан облысында машина жасау өнеркәсібін дамыту қолға алынды. Отандық шағын габаритті арнайы техника мен коммуналдық қондырма жабдықтарын шығаратын өндіріс орны өңірдегі шағын өндірістік паркте орналасқан. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK Turkistan» өндірістік паркін аралап көрді. Сауран ауданында орналасқан «BNK GROUP LTD» ЖШС кәсіпорнында болып, басшыларымен кездесті.
Жұмыс жоспарына сәйкес, бұл зауытта жылына 1 мың арнайы техника шығару көзделген. Жоба биыл жүзеге асады деп жоспарланған. Айта кетейік, осы зауытта елімізде алғаш болып жаңбырлатып суару машиналары шығарыла бастады. Бүгінде Түркістанда жасалған өнімге сұраныс артқан. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK Irrigation» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.
Бұдан кейін облыс әкімі тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық «UBC Group» холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 млн еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK Turkistan» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 млрд теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ облыс басшысына көрме орталығының жобасы таныстырылды. Бұл жерде сауда, қызмет көрсету, компанияларды таныстыру, көрме ұйымдастыру және басқа да шаралар үшін пайдаланылатын арнайы ғимараттар салынады. Ол үшін барлық жағдай жасалады. Жоба еуропалық стандарттарға сай жүзеге асады.
Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Жалпы 151 ғимарат салу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бүгінде парк аумағында 10 ғимараттың құрылысы аяқталды. Былтыр инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды. Маңызды жоба облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың жіті бақылауында болады.
Өңір басшысы құрылыс барысын бақылап, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Биылғы бірінші тоқсанда 16 ғимаратты іске қосу жоспарланып отыр. Бір ғимараттың ауданы 1584 шаршы метрді құрайды, қажеттілікке қарай ғимараттың ауданы үлкейтіледі. Екінші кезеңде 2025-2026 жылдары 70 га аумақта 112 ғимарат соғу жоспарланған. Мұнда да өндіріс орындары ашылады.