ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІРІН ЖАҚСАРТАТЫН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛСЫН

0
39

Қазақстан Республикасының дамуына қарқын қосу мақсатында әрі қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық өмірінің деңгейін көтере түсу бойынша мемлекет тарапынан бірқатар ұлттық жобалар мен бағдарламалар қабылданып, олар бүгінде аймақтарда толыққанды жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі — «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 182 елді мекенде 213 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 30,1 млрд теңге бөлінді. Оның 57-сі өтпелі, 156-сы – жаңа жобалар. Бір жылда 154 жоба жүзеге асырылып, қаржының 99,2 пайызы игерілген.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасына қатысты жоспарлар мен мәселелер таяуда ғана облыс әкімдігінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын уақтылы өткізіп, жұмысты үйлестірулері керек. Нысандардың құрылысы жылдам басталып, уақтылы аяқталуы тиіс. Осыған мән беріңіздер. Кемшілікке жол бергендердің қызметтік жауапкершілігі қаралады. Аталған жоба бойынша әр аудан әкімінің екі-үш жылға арналған жоспары әзірленуі қажет. Ауылдар мен елді мекендер зерделеніп, халыққа аса қажетті әрі өмір сапасына тікелей әсер ететін жобалар жүзеге асырылсын, – деген Нұралхан Көшеров жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған әкімдердің есептерін тыңдап, тиісті міндеттер жүктеді.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, 2024 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 4 мәдениет үйі, 4 спорт нысаны, 1 мектептің қосымша оқу корпусы салынса, 20 электрмен жабдықтау, 12 газбен қамтамасыз ету нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілген. Оған қоса 4 мектеп, 4 мәдениет үйі, 3 ауыз су нысаны күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ жол жөндеу саласында 102 жоба іске асырылып, 339 ішкі көше (330 шақырым) орташа жөндеуден өткізілді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылған.
2025 жылы 139 жобаны (85 жаңа жоба, 54 өтпелі) іске асыруға бюджеттен қаржы бөлу жоспарланды. Жобаларды іске асыру барысында мыңнан аса жаңа жұмыс орнын (250 тұрақты, 833 уақытша) ашу көзделген. 2025 жылға 85 жаңа жобаларды іске асыруға 13,3 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 503,9 мың халық тұратын 140 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсарады.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың барлық қалалары мен аудандарында да өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарта түсу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның ішінде Сайрам ауданында да соңғы жылдары әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп, оның бірқатары өңір халқына табысталды. Бүгінде ауданға қарасты ауылдарда жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, өткен жылы Сайрам ауданының орталығынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Шынбұлақ» автомобиль жолының 25,5 шақырым аралығы мен 33,8 аралығына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аталған жол құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар өткен жылы аудандық маңызы бар КХ-40 «Ақсу-Манкент-Жібек жолы» автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ұзындығы 26,3 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралды. Қазіргі таңда Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбай ауылы орталығындағы 1 аудандық жол қабылданып, қалған 4 жол құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
2024 жылы аудандағы елді мекендердің көшелеріне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы бөлініп, 60 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланған. Нәтижесінде өткен жылы 55,5 шақырымды құрайтын 45 көшенің құрылысы аяқталса, биылға өтпелі болған 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жол-көлік оқиғасының алдын алу және аудандағы жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін артыру мақсатында аудандық маңызы бар 6 жолдың, ішкі 26 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қарау бойыша салалық басқармаға ұсыныс енгізілді.
Айта кетейік, Сайрам ауданындағы жалпыға ортақ автомобиль жолдары және елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 1298,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңыздағы жолдар – 183,9, аудандық маңыздағы жолдар – 140,5 шақырым, елді мекен көшелері 951,7 шақырымды құрайды.