БАЛЫҚ ӨСІРУШІЛЕР ҚАТАРЫ АРТА ТҮСКЕН

0
60

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын. Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Аймақтың барлық өңірлерінде де әкімдіктер, кәсіпкерлік бөлімдері мен жұмыспен қамту бөлімдері азаматтарды жұмыспен қамту бағытында жеке кәсіптерін ашуға, шағын кәсіпкерлікті игеріп отбасының табысын арттырыумен қатар мемлекеттің дамуына да үлес қосуларына жан-жақты ықпал етіп, мемлекеттік қолдаулар жасап келеді. Соның арқасында мемлекет тарапынан жасалынып отырған жеңілдіктер мен бөлініп отырған қаржылай гранттардың арқасында бүгінде балық өсіру шаруашылығымен айналысушылардың қатары өсуде.
Солардың бірі – Сайрам ауданы, Ақсукент ауылының тұрғыны, кәсіпкер Қалдыкүл Ермекова. Ол балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қажетті құрал-саймандар сатып алған. Кәсіпкер 2024 жылдың маусым айында өз бизнес жобасын ұсынып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 476 800 теңге алған.
Қазіргі таңда Қалдыкүл Ермекова жеке кәсіпкерлігін ашып, өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Бүгінде мұндағы көлемі 40, 120 текше метрлік бассейндерде фарель, сазан және бекіре балықтары бар.
– Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мысалы, мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл берекенің бастауы болса керек, – дейді грант иегері.
Кәсіпкер алдағы уақытта ауданға қарасты жергілікті Жібек жолы ауылдық округінен жер телімін алып, жасанды көл орнатуды көздейді. Осылайша, ол балық басының санын 50 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Төлеби ауданында да балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда, аудан аумағында осы кәсіпті қолға алған кәсіпкерлер саны 16-ға жетті. Мәселен, былтыр 4 кәсіпкер өз қаржысымен балық шаруашылығын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – «Сарсенов Сакен» ЖШС. Киелітас ауылдық округінде 0,14 га жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, 1500 дана сазан, 500 дана ақ амур және 5000 дана дөңмаңдай балықтарын өсіруде. Кәсіпкер балық шаруашылығынан бөлек демалыс аймағының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Исмаил Абдуллаев иелігіндегі 0,20 га жерге арнайы тоған жасап, 4000 дана сазан және 6000 дана тұқы балығын өндіруде.
Таулы аймақ кәсіпкерлері де балықтың суық суға төзімді форель түрін өсіруді қолға алды. Жеке кәсіпкерлер Жұмағали Қияқов, Олжас Сұлтанқұлов Қаратөбе ауылдық округіндегі жерлеріне 3000 дана және 10 мың дана форель балықтарын өсіріп жатыр.
Қызыл балық тұқымдастарға жататын оның бәсі биік, нарықта сұраныс жоғары. Кәсіпкерлер форель шабағын алдырып, арнайы қоректендіреді. Шаруашылық басшылары форельмен алғаш рет айналысып отырса да, әзірге ұсақ шабақтарды өсіруде күрделі мәселе туындамағанын айтады.
Одан бөлек, «Шымкентбалық» ЖШС Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан 2 га жерде жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, форель балықтарын өсіріп, жылына 300 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Ал, Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылының іргесіндегі Арыс өзенінің жағасында жұмыс істей бастаған «АҚ ОРДА Б» ЖК-нің өңірде балық өсіру шаруашылығы өркендеп келеді.
Жалпы аумағы 4,5 гектар. Оның ішінде 1,3 га жерге тоған қазылып, 20 мың сазан шабағы жіберілген. Жоба құны – 20 млн теңге. Жылына 60 мың тонна сазан шабақтарын өсіріп отырған шұбарлық кәсіпкер Бақытжан Бекбосынов осы кәсіпке ден қойған. Келесі жылдан бастап өз өнімін нарыққа шығаратын ол жергілікті үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, тәжірибелік тұрғыда және өзге де бағыттарда кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмектер ұйымдастырылуда. Бүгінде кәсіпкер тағы 3,0 га жерге тоған қазуды жоспарлауда.
Айта кетсек, қазіргі таңда Ордабасы ауданында да балық өсіру саласы кең өріс алып келе жатыр.