НАҚТЫ ЖОСПАРМЕН ЖЫЛ БОЙЫ ЖҮЙЕЛІ ӘРЕКЕТ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітілді, сондай-ақ Министрлікпен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.
Атап өту керек, еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету, кадрлар даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қамтылған Жұмысшы мамандықтарының жылына арналған жоспарлар әзірленді.
Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жұмысшы тобының отырысы өтті. Онда «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу бойынша іс-шара жоспары қаралып, толықтырулар еңгізу бойынша ұсыныстар тыңдалды.
Облыс әкімінің орынбасары аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармаларға нақты жоспар жасап, жыл бойы жүйелі әрекет етуді тапсырды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларының орындалуы жіті бақылауда тұр. Мемлекеттік механизмдерді біртұтас іске қосу үшін бізге осындай бастамалар қажет. Мұны «бірреттік шара» деп қабылдауға болмайды. Есеп үшін өткізілетін шаралар қажет емес. Жұмысты аса жанашырлықпен, жауапкершілікпен қолға алыңыздар. Еңбек адамдары біздің өңірде жеткілікті. Мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашқан, «Ауыл аманаты» бағдарламасының рахатын көріп жатқан азаматтар мен облыс экономикасын дамытуға үлес қосып келе жатқан шаруалар бар. Олардың еңбегі елене бермейді. Жұмысшылардың беделін арттыру, еңбегін насихаттауға баса мән беру керек. Жәй сөз емес, сілкініс қажет, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
«Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы жасалып, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылуы тиіс. Аймақтағы кәсіпорындармен бірлесіп өңірдің мектептерінде бейінді сынып ашылып, оларда оқушыларға жұмысшы мамандығы, заманауи жаңа мамандықтар жайлы түсіндіру арқылы қызығушылығын тудыру қажет.
Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіліп, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылуы керек. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіліп жұмысшы мамандығын жетік меңгеруіне жағдай жасалады.
Түркістан облысындағы 50 колледждің 30-ында кәсіптік мамандық иелері даярланады. Жұмысшы мамандықтары оқытылады. 40 мыңнан астам студент техникалық және кәсіптік білім алады. Өңір колледждеріне биылғы оқу жылында да 15 мыңнан астам грант бөлінеді.
Жиында Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай 6 бағыт бойынша 60 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Жоспарда әр басқармаға нақты міндеттер жүктелген. Атап айтқанда, кәсіби мерекелерді жоғары деңгейде атап өту, кәсіптік бағдар беру жұмысы мен экскурсиялар ұйымдастыру, жұмысшы мамандықтарының жас көшбасшыларының қатысуымен облыстық форумдар, шеберлік сайыстарын, кадрларды даярлау бойынша облыстық және республикалық деңгейде сессиялар өткізу, кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталарын әзірлеу, жұмысшы адамның бейнесін танымал ету, үздік мамандар байқауларын өткізу жоспарлануда.
«Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу бойынша атқарылып жатқан нақты жұмыстар облыс әкімінің тікелей қадағалауында болады.