ЖАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕ МУЗЕЙДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Жас ұрпақ жан-жақты жетіліп, білімді де білікті, тәрбиелі де рухани мықты болып өсуі үшін ұлттық құндылықтар мен адамзаттық асыл қасиеттер балабақшадан бастап баланың бойына сіңіріле беруге тиісті. Жастарымыз Жаңа Қазақстанның нағыз патриоттары болып өсуі үшін оларға тәрбие мен білім беруге қоса рухани жағынан жан-жақты жетілуіне қол жеткізу қажет. Ол үшін рухани-мәдени шараларға жиі қатыстырып отыру да маңызды. Әсіресе, халқымыздың өткен тарихынан, тұрмыс-тіршілігі мен мәдени-рухани, ұлттық құндылықтарынан сыр шертетін музейлерге балаларды жиі апарып, ондағы жәдігерлермен таныстыру, олар туралы түсіндіру патриоттық сананы қалыптастыруға септік етеді.
Түркістан облысында барлық қалалар мен аудандарда елдің, сол өңірлердің бай тарихынан сыр шертетін, этнографиясы мен ұлттық құндылықтарынан, ұлы тұлғаларының өмірінен мағлұмат беретін тарихи-өлкетану музейлері бар. Облыс орталығында орналасқан бір ғасырдан астам тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев аралап көрді.
Облыс әкімінің орынбасарына музейдегі этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, экспозиция залдары таныстырылды.
Ертай Кенжебекұлы өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде мұражайлар мен кітапханалардың, ондағы жәдігерлер және кітап қорын көбейту ісі үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажеттігін баса айтып, музейге жастарды көптеп тарту керектігін жеткізді.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі – өлкеміздің мәдени дәстүрі мен бай тарихи мұрасын сақтаушы және рухани – идеологиялық тәрбие беретін мекеме.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1920 жылы құрылған. Биыл музейге 105 жыл толып отыр. Музей 2 қабаттан және Табиғат және археология, Этнография, Қазақстан тарихы және жаңа заман залы, Тәуелсіз Қазақстан атты 4 экспозициялық залдан тұрады.
Мәдени ошақтың қоры да құнды, тарихи жәдігерлерге өте бай. Қазіргі таңда жалпы жәдігерлер саны – 83 154. Оның ішінде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қылышы және де тағы басқа құнды, тарихи коллекциялық жәдігерлері бар.
Бүгінгі таңда облыс аудандарында музейдің 7 филиалы халыққа қызмет көрсетуде. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейі, Ескі Иқан ауылындағы Міртемір әдеби-мемориалдық музейі, Қарнақ ауылындағы Шәммет Ишан музейі, Түлкібас, Сарыағаш, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейлері және де Сайрам ауданындағы Ардақты ана музейі бар.