ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ БАСЫМ БАҒЫТТАРДЫҢ БІРІ

0
52

2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» болып жарияланған болатын. Туризм жылы аясындағы іс-шаралар саяхатшыларға жаңа мүмкіндік берді. Сондай-ақ туризм индустриясы өкілдеріне серіктестік байланыстарды нығайтуға жол ашты.

«Туризм жылы Қытайдан жарты миллион турист тартуға және 300 млн АҚШ доллары көлеміндегі туристік қызметтерді экспорттауға бағытталды», — деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев ОКҚ баспасөз конференциясында.

Туризм жылының бірыңғай жоспары аясында іскерлік және мәдени іс-шаралар өткізу арқылы Қытай нарығында Қазақстанның танымалдылығын арттыруға бағытталған 37 іс-шара ұйымдастырылды.

«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде брондалған сапарлар саны бойынша Қазақстан қытайлық туристер арасында танымал елдер тізімінде 40-шы орыннан 29-орынға көтерілді», — деді спикер.

Туризм саласы – өңірдегі басым бағыттардың бірі. Өңірде осы саланы дамыту үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Түркі әлемінің орталығы, қазақ тарихында айрықша орны бар — Түркістанда туризмді дамыту бағыты қарқынды дамып келеді. Соңғы екі жылда салаға 88,8 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 61,9 млрд теңгені құрады.

2024 жылы Түркістанға келуші туристер мен зияратшылардың саны 1,1 миллион адамға жетіп, оның 23,2 мыңы шетелдік қонақтар болды. Қалада 3 048 төсек-орны бар 68 орналастыру орны жұмыс істейді.

Алдағы жылдары құны 145 млрд теңгені құрайтын 13 ауқымды жоба жүзеге асырылып, 955 жаңа жұмыс орны ашылады.

Түркістанның туризм саласындағы өрлеуі өңірдің экономикалық өсіміне серпін беріп, қаланы халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыруға ықпал етпек.

«Киелі Отырар – Орталық Азиядағы ең ежелгі шаһарлардың бірі. Қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған Отырар жеріне жер жүзінен аса қызығушылықпен келетін ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға артып келеді. Жыл сайын аудандағы киелі орындарға келушілердің саны 120 мыңға жуық адамды құраған. Көне тарихымыздан сыр шертетін осынау бай мұраларымызды насихаттай отырып, ішкі туризмді дамыту алға қойылған негізгі міндеттердің бірі болып табылады»,-деді.

Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан аумағындағы тарихи орындар мен «Арыстанбаб» кесенесінің айналасындағы тазалық, дүнгіршектердегі сатушылар мен қызметкерлердің униформамен жүруі, сервистік орталықтарының сапасының талапқа сай қызмет көрсетуі, Отырарлық брендті қалыптастыратын жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын туристерге ұсыну мәселелері жан-жақты пысықтап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы аймақтағы туризм саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетінін айтып, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында істеліп жатқан жұмыстар сапалы атқарылуы керектігін атап өтті.

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастырды.

Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген: қорық режимі (кіру жабық), туристік және рекреациялық. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте, Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі (теңіз деңгейінен 1700 м) бар және Грейг қызғалдақтары өседі.

Сайрам-Өгем МҰТП аумағында өсімдіктердің 1635 түрі, оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі.

Кездесу барысында парк аумағының рекреациялық аймақтарында туризм саласын дамыту жолдары талқыланды. Мекеме басшысы парктың 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналатынын, аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылғанын айтты. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген.

Рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Түркістан облысында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекрациялық мақсатта 30 туристік соқпақ пен маршруттар құрылған. Соның бірі – «Ақсу-Жабағылы» қорығы.

Қорық аумағында 10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл соқпақтар арқылы таулардың әсем табиғатын, өсімдіктер дүниесін тамашалап қана қоймай, жабайы жан-жануарлармен жиі ұшырасуға болады. Атап айтқанда, жабайы шошқа, Сібір тауешкісі, Түркістан сілеусіні сияқты тағы басқа аңдар осы қорық аумағында мекен етеді. Сондай-ақ мұнда сирек кездесетін жануарлар – Тянь-Шань қоңыр аюы, Сібір тау ешкісі, Тянь-шань және Қаратау арқарлары және қар барысын кездестіруге болады.

1926 жылы республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. 2026 жылы қорыққа 100 жыл толады.

Мамандардың айтуынша, қорықтың фаунасы мен флорасы 2457 өсімдік пен жануардан тұрады. Қорықта құстардың 267 түрі, сүтқоректілердің 52 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 32 түрі, қосмекендердің 267 түрі кездеседі. Мұнда қорғауды қажет ететін жануарлар мен құстардың сирек түрлері кездесетін болғандықтан оларды қорғап, табиғи қалыпта сақтау мақсатында күзет инспекторлары қызмет етуде. Қорық аумағын 28 мемлекеттік инспектор күзетеді.

Атап айтсақ, 1 күзет қызметінің бастығы, 1 өрт сөндіру станциясының басшысы, 11 жедел топ мемлекеттік инспекторы бар. Сондай-ақ 1 байланыс инженері, 2 бас орманшы, 12 кордон инспекторы жұмыс істейді. Қорықта сұғанақтықпен күресу мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.

Сондай-ақ қорық кеңсесінде жабайы аң-құстарға арналған музей орналасқан. Өткен жылы қорық 2500 турист қабылдаған. Елімізден бөлек өзге шетелдерден туристер келген. Бүгінгі таңда Жабағылы ауылында қорықтың 10 адамға арналған қонақүйі мен жеке кәсіпкерлердің қонақүйлері жұмыс істейді. Әсіресе, жаз айларында туристердің саны артады.