КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ТӘРБИЕСІ МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы өзінің әр Жолдауында жас ұрпақ мәселесіне, олардың білімі мен тәрбиесіне байланысты пікірін, ұсыныстарын айтып, атқарушы органдарға міндеттер жүктеп келеді. Сондықтан да, Түркістан облысында жас ұрпақ тәрбиесі ешқашан ұмытылмайтын, назардан тыс қалмайтын күнделікті бақылауда болатын салалардың біріне айналған. Жастар мен жеткіншектердің, балалардың тәрбиесі бойынша мемлекеттік бағдарламалар, тұжырымдамалар, арнаулы шешімдер мен заңлық актілер арқылы еліміздің барлық өңірлеріндегідей облыс аймақтарында жан-жақты жұмыстар жүргізіледі. Кәмелетке толмағандар тәрбиесін құқық қорғау саласы мен білім саласы, қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар бірлесе отырып іске асыруы үлкен нәтиже бермек. Облыста осы бағытта да жұмыстар атқарылуда.
Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариевтің төрағалығымен аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аудандық полиция бөлімі, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтары қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, білім бөлімінің қызметкерлері мен ауыл және ауылдық округі әкімдері қатысқан жиында 3 мәселе қаралып, талқыланды.
Мәжілісте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Даурен Нұрланұлы жасөспірімдерге қатысты орын алып отырған жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау бойынша мектеп ұстаздары мен ата аналармен бірлесіп нақты шаралар қабылдап, сәйкесінше жұмыстар жүргізілу керектігін жеткізді. Сонымен қатар мектептердегі барлық материалдық базаны қамти отырып, оқушылардың сабақ кезінде және сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалануда білім беру желісін дамыту керектігін айтып өтті.
Мектеп оқушыларынтүрлі жаман да теріс қылықтардан, тағдырына кері әсер етіп қылмыстық жолға қарай бастайтын әрекеттер мен әдеттерден сақтандырып, пайдалы да жақсы әдеттерге қызықтыру үшін олардың күнделікті өмірін қадағалап, мектепте түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуына, үйге келген соң да үлкендердің бақылауынсыз қалмауын қадағалау маңызды. Үйде кәмелет жасына толмаған балалардың телефон, компьютер көргенде ондағы теріс қылықтарға қызықтырып, дұрыс жолдан жаңылыстыратын дүниелерді көріп, соған еліктеп кетуін болдырмауға да ерекше наза аудару қажет. Оған қоса балалармен құқық қорғаушылар жиі-жиі кездесіп кәмелетке толмағандардың теріс жолға түссе, қылмыстық әрекет, бұзақылық, алаяқтық, ұрлық жасаса қандай жазаға тартылатынын, тағдырына қалай әсер ететінін, осы бойынша заңдылықтарды қарапайым тілмен түсіндіру жұмыстары да нәтиже берері анық.
Жиын барысында оқушылардың түнгі беймезгіл уақытта жүруін алдын алу бойынша мектеп ұстаздарымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдыстыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Комиссия отырысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс пікірлер назарға алынып, хаттама енгізіліп, бірқатар тапсырмалар берілді.
Өз өмірлерін өзгелер үшін қатерге тігіп, азаматтар мен қоғам тыныштығы үшін бел шешпей еңбек ететін тәртіп сақшыларының қызметі шын мәнінде айтуға, мақтануға, үлгі тұтуға тұрарлық. Сондықтан да, соңғы жылдары орта мектептерде полиция мен құқық қорғаушылардың мамандығына, өмірлеріне қызығушылардан жас сақшылар мен жас полицейлер сыныптары пайда болып, олардың қатары өсіп, белсенділігі артып келеді.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың қатысуымен өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық сенбілікке Жетісай қаласындағы М.Горький атындағы №1 мектеп-гимназиясының жас полицейлері де атсалысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетуде ерен еңбек етіп, Ішкі Істер органдарында қызмет атқару кезінде қаза тапқан полиция полковнигі Серікбаев Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есімімен аталатын жас полицейлер сыныбы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесімен бірге орталық саябақ аумағына түрлі декоративті көшеттер отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Біз білім алушылар арасындағы мейірімділік пен ізгіліктің, мемлекеттік ой-өріс рухында, жауапкершілікті өз мойындарына алуда, бастамашыл, дербес, жедел көсбасшылық қасиеттерді меңгеруде, білімді, мәдениетті, ақылды, көзқарастары кемел, үлкен істерге қабілетті болуда, табиғатты, отанды қастерлеуде өзгелерге үлгі болуымыз керек. Жас полицейлер сапына қабылданған әрбіріміз мұны жақсы білеміз» деген полиция сыныбының мүшелері алдағы уақыттарда қатарластарын туған жердің тазалығын сақтап, сенбілік жұмыстарына жүйелі түрде белсенді қатысуға жұмылдыруға уәде етті.
Ал, Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауыл округіне қарасты ойын-сауық орталықтарында және көше бойларында жастар мен жасөспірімдердің сабақ уақытынан тыс әртүрлі жұмысқа тартылмауын қадағалау және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары жүргізілді.
Рейдтің мақсаты — жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, нашақорлықтын алдын алу және болдырмау, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің сабақ уақытынан кейін беймезгіл жүрмеуін, жұмысқа тартылмауын қадағалау.
Ұйымдастырылған рейдтік шара барысында кешкі сағат 20:00 ден 22:00-ге дейін жеке кәсіпкерлерге көрсетілген уақыт аралықтарында кәмелетке толмаған жасөспірімдерді,заңды өкілдерінсіз ғимаратқа кіргізбеу, оларға мүлдем темекі бұйымдарымен спиртті ішімдіктерді сатуға болмайтындығы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.