ҚҰРЫЛЫС ЖҮРГІЗУ, ТАЗАЛЫҚ ЖӘНЕ ГАЗ МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУДА

0
64

Түркістан облысында Мемлекет басшысының елімізде құрылыс жұмыстарын жүргізгенде оларға бөлінетін жер телімінен бастап бақылауда ұстап, құрылыстың жергілікті материалдардан сапалы әр мерзімізде салынуы, оның айналасының абаттандырылуы мен көгалдандырылуы, сәулеттендірілуі түгелдей қатаң бақылауда болуын тапсырғаны белгілі. Сондықтан да облыста құрылыс жүргізу заңдылығы мен талаптарына баса назар аударылып отыр.

Созақ ауданы әкімдігі ғимаратында Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен заңсыз құрылыстың алдын алу бойынша жиын өтті. Оған Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Тарту Байтурсынов, Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов, салаға жауапты бөлімнің мамандары мен 12 ауыл округ әкімдері қатысты.

Жиында Басқарма басшысының орынбасары Тарту Байтурсынов «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес құрылыс жұмыстарын бастауға қойылатын талаптар туралы кеңінен тоқталып, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, облыс аумағындағы нысандарың қолданыстағы заңнама талаптарына сай салынуы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауына алынған.

Ал, тіршілігі ерте басталып, көктемі ерте шығатын оңтүстік өңірдің қиыр оңтүстігінде орналасқан Жетісай ауданында күннің көзі көрінісімен қызу тіршілік басталады. Әсіресе, жұмыстан қол босайтын сенбі-жексенбі күндері ауыл-аймақ, көрші-қолаң бірігіп тазалық жұмыстарын жүргізеді.

Тұрғындарының санына шаққанда басқа аудандарға қарағанда жер көлемі аз болса да ұлтарақтай жердің қадірін білетін жетісайлықтар бүгін табиғатқа қамқорлық жасап, айналаны күл-қоқыстан тазарту жұмыстарын өткізді. Аталмыш шараға 4 мыңға тарта тұрғын мен 30 арнайы техникалар жұмылдырылды.

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тікелей қатысуымен бастау алған сенбілік көшелер мен автомобиль жолдарының бойын тазалауға ұласты. Ретсіз өскен ағаштарды бұтап, шөптерін шапты. Тұрмыстық қалдықтардан арық-атыздарды тазартты.

Бұған дейін де аудан басшысының тапсырмасымен қала, кент, барлық ауылдық округтердегі шешімін толық таппай келе жатқан тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен мөлтек аудан билерінің, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келген болатын. Одан бөлек көпшілік орындар мен адамдар жиі жүретін жерлерге тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар ілінуде. Мұның бәрі бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық жұмыстарын сақтауға, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпал етері сөзсіз.

Табиғи газды пайдалануға байланысты тұрғындардың тұрмыстық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазығұрт ауданының ауыл округтері мен елді мекендерінде тұрғын үй инспекциясы бойынша іс-шаралар жүргізу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Аталған комиссия құрамына Қазығұрт аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі, Қазығұрт аудандық полиция бөлімі, Қазығұрт аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «QazaqGaz Aimaq» АҚ, сондай-ақ Қазығұрт ауыл округтері әкімдіктерінің мамандары енгізілді.

Іс-шара аясында 8 ақпан күні елді мекендерде аралау жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлердегі улы газдың, көмір қышқылының таралу қаупін азайтуға бағытталған алдын алу шаралары жүзеге асырылды. Комиссия мүшелері тұрғындарға газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңсыз орнатылған Иран пештері мен камень пештерін анықтау және олардың техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру шараларын ұйымдастырды.

Сонымен қатар, тұрғындарға газбен жабдықтау жүйесін дұрыс пайдалану, жылыту пештері мен құрылғыларын орнату және қолдану жөнінде кеңестер беріліп, тиісті үгіт-насихат материалдары таратылды. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертіліп, талапқа сай келмейтін пештерді қолдану жағдайларында заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.