ОБЛЫСТА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын бәсеңдетіп алмаудың бір жолы мемлекеттің қолдауымен азаматтардың жеке кәсіпкерлігімен айналысуына мүмкіндіктер жасау. Және жаңа кәсіп түрлері мен шаруашылық салаларын меңгеруін қамтамасыз ету мәселесін алға қойғалы Түркістан облысында жұртшылықтың жұмыссыз отырып қалмай жаңа кәсіптерді игеріп, өздерінің отбасылық жайдаын жақсартуына жағдай жасалынуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, кәсіпкерлер мен шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін жеңілдіктер (субсидия) бойынша түсіндіру жұмыстарын бастады. Облыстық жұмысшы топ Сауран ауданы мен Кентау қаласына арнайы барып, саламен айналысып жатқан және айналысуға ниетті кәсіпкерлермен кездесті.
Кездесу барысында балық шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдауларға қатысты мол ақпарат ұсынылып, түсіндірілді. Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қажетті ақпараттар алды.
Арнайы құрылған жұмысшы топ өңірге қарасты 17 аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамыту мақсатында кәсіпкерлермен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін анықтап, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктерді алуға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын. Соның арқасында Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Соның бірі – Сайрам ауданы, Ақсукент ауылының тұрғыны, кәсіпкер Қалдыкүл Ермекова. Ол балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қажетті құрал-саймандар сатып алған. Кәсіпкер 2024 жылдың маусым айында өз бизнес жобасын ұсынып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 476 800 теңге алған.
Қазіргі таңда Қалдыкүл Ермекова жеке кәсіпкерлігін ашып, өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Бүгінде мұндағы көлемі 40, 120 текше метрлік бассейндерде фарель, сазан және бекіре балықтары бар. Кәсіпкер алдағы уақытта ауданға қарасты жергілікті Жібек жолы ауылдық округінен жер телімін алып, жасанды көл орнатуды көздейді. Осылайша, ол балық басының санын 50 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, көрші Төлеби ауданында да балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда, аудан аумағында осы кәсіпті қолға алған кәсіпкерлер саны 16-ға жетті. Мәселен, былтыр 4 кәсіпкер өз қаржысымен балық шаруашылығын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – «Сарсенов Сакен» ЖШС. Киелітас ауылдық округінде 0,14 га жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, 1500 дана сазан, 500 дана ақ амур және 5000 дана дөңмаңдай балықтарын өсіруде. Кәсіпкер балық шаруашылығынан бөлек демалыс аймағының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Исмаил Абдуллаев иелігіндегі 0,20 га жерге арнайы тоған жасап, 4000 дана сазан және 6000 дана тұқы балығын өндіруде.
Таулы аймақ кәсіпкерлері де балықтың суық суға төзімді форель түрін өсіруді қолға алды. Жеке кәсіпкерлер Жұмағали Қияқов, Олжас Сұлтанқұлов Қаратөбе ауылдық округіндегі жерлеріне 3000 дана және 10 мың дана форель балықтарын өсіріп жатыр. Қызыл балық тұқымдастарға жататын оның бәсі биік, нарықта сұраныс жоғары. Кәсіпкерлер форель шабағын алдырып, арнайы қоректендіреді. Шаруашылық басшылары форельмен алғаш рет айналысып отырса да, әзірге ұсақ шабақтарды өсіруде күрделі мәселе туындамағанын айтады.
Облыстың басқа аудандарында да азаматтар балық өсіру ісіне қызығушылық танытып, арнайы осы кәсіп бойынша біліктіліктерін арттырып, өз аумақтарында табиғи және жасанды су мен тоғандарда балық өсіру шаруашылығымен айналысуда. Теріскейде жатқан табиғаты салқын, қызы ұзақтау саналатын Созақ ауданында да тұрғындардың арасында балық өсіру шаруашылығын меңгеріп жатқандар, жеке кәсіптерін бастап, жұмысты жандандыра бастағандар бар. Жалпы облыс аумағында таяу жылдары балық өсіру ауыл шаруашылығындағы елеулі салалардың қатарына қосылатын мүмкіндік бар. Тек жергілікті әкімдіктер мен кәсіпкерлік бөлімдері азаматтардың балық өсіру шаруашылығын меңгеруіне жәрдемдесіп, шағын кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік қолдаулар жасауды, арнаулы семинарлар мен түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жоспарлы жүргізуі қажет. Сонда бұл салада да нәтиже болмақ.