ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген
сөзінде цифрландыру, жасанды интеллект сияқты электроникалық технологиялардың
дамуы адамзаттың ғылым, өндіріс, ғарыш, экономикалық салаларда қарыштап алға
басуына, өмірлерінің қолойлылығы мен жайлылығына ерекше жағымды әсерін тигізіп
отырғанын айта келіп «Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын
алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және
ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау
белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа
үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы
ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру
керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл
болмауға тиіс.
Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан
шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл
көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі.
Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Рас, мұндай қылмыстарды ашу оңай емес.
Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да ведомстволар күш-
жігер біріктіруі керек. Ішкі істер министрлігіне осы сипаттағы қылмыстарды әшкерелеуге
көмектескен жөн» деді.
Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында әкімшілік, құқық қорғау органдары
тарапынан атқарылып жатыр. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасында да
алаяқтық, интернет арқылы жасалатын қылмыстар, әлеуметтік жүйе арқылы жастарды
теріс әдет-қылықтарға тарту, тағы басқа да жас ұрпақтың санасын улау сияқты
әрекеттерге қарсы күрес күшейтіліп отыр.
Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция Түркістан облысында
студенттермен кездесті. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың
алдын алу қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Осы ретте Түркістан облысының
полиция департаменті білім беру мекемелерімен өзара белсенді іс-қимыл жасасуда. Оның
ішінде студент, оқушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Мәселен "Профилактика жылы" аясында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінде экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары
Қ.Жұмаділдаевтың, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін
атқарушы Е. Шәкімнің, полиция подполковнигі Ж.Қапановтың және оқу орнының 200-ден
астам студенттері мен оқытушыларының қатысуымен кездесу ұйымдастырылды.
Полиция қызметкерлері іс-шара аясында студенттердің назарын қорқыту, бопсалау, тонау,
топтық төбелес, қару қолдануға байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды
жасамауға аударды. Сондай-ақ, өздерінің ұзақ жылғы құқық қорғау саласындағы
тәжірибелерінен нақты мысалдар келтіріп, жастарға қылмыс пен жауапсыз мінез-
құлықтың салдары туралы түсіндірді.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары интернет-кеңістіктегі кәмелетке толмағандардың
қауіпсіздігі, интернет-алаяқтық, нашақорлық, лудомания, буллинг, теріс бағыттағы діни
уағызшылар ықпалына, экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл мәселелерін қозғады.
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде жұмыстарына тиым салынған, әсіре діншіл,
әсіреэкстремисті, терроршыл ұйымдар деп танылған топтар электрониканың,
цифрландыру мен жасанды интеллект жетістіктерін пайдалана отырып жас ұрпақты
адамзаттың қалыптасқан адамгершілік қасиеттерді жоғары қойып, салауатты өмір сүру
дағдысынан жаңылыстырып, өздерінің теріс иедеологияларына тарту, әсіредіншілдік,
экстремисшіл пиғылдарын іске асыруға пайдалану мақсатында қатты жұмыс жүргізіп
жатыр. Сондықтан да мектеп оқушыларынан бастап орта арнаулы және жоғары білім беру
оқу орындарындағы жасөсіпірмдер мен жастар жалпы адамзаттық құндылықтар мен
ұлттық рух беретін құндылықтарды ұстана отырып, жан-жақты дамуға ұмтылуы қажет.
Өз кезегінде университет студенттері спикерлерге талқыланған тақырыптар бойынша
сұрақтарын қойып, толық жауаптарын алды. Ұйымдастырушылар мен полиция
қызметкерлеріне танымдық және қызықты сұқбат үшін алғыс білдірді. Құқық
қорғаушылар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Полицейлер атап өткендей, мұндай алдын алу шаралары жастардың заңдар мен құқықтық
жауапкершілікті дұрыс түсінуін қалыптастыру үшін маңызды. Жалпы құқық
бұзушылықтардың алдын алу және жастар үшін қауіпсіз орта құру жөніндегі жұмыс
алдағы уақытта да жалғасатын болады.