ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУ КЕРЕК

0
35

Сапалы инфрақұрылымдардың болуы мемлекеттің дамуының деңгейін көтерумен бірге халықтың жайлы да қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сол себепті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымдарды дамыту мен сапасын арттыру мәселесін тағы көтерді. Мемлекет басшысы «Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек.

Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс.

Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс» деп инфрақұрылымдарды дамытуға, сапасын арттыруға мән беруді тапсырды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Отырар» секторында тұрғындармен кездесіп, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Шаһарда жүзеге асатын инфрақұрылымдық жұмыстар туралы баяндады.

–Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біз биыл 100-ден аса көшені жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал үш жылда көшелердің бәрін жөндеуге күш саламыз. Көшелердің жағдайын өз көзіммен көріп, саралау үшін арнайы келіп тұрмын. Осы ретте мына мәселені ескеру керек. Инфрақұрылым мәселелері асфальт төселгенге дейін шешілуі керек. Сондықтан тиісті инфрақұрылым, су, газ және кәріз жүйесі толық жүргізілген көшелерге асфальт төсеуді тапсырдым. Жаңадан салынған жолды қайта бұзуға жол берілмейді. Сіздерге жоспарларымызды таныстырдық. Әрине, қаржысы болса, бәрі жедел шешіледі. Дегенмен кейбір жобаларға қаржы бөлінуі кешіксе, түсіністікпен қарауларыңызды сұранамыз. Кезең-кезеңімен инфрақұрылым мәселесі толық шешімін табады, – деген Нұралхан Көшеров ел ағалары мен ақсақалдарға жастарды еңбекке баулу бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Біріншіден, Мемлекет басшысы халықтың жағдайын жасап, тұрмыс сапасын жақсартуды тапсырды. Инфрақұрылым, жол, газ, су, кәріз мәселелері шешіледі. Мемлекет тарапынан барлық жұмысты атқарамыз. Екіншіден, жұмыс орындарын ашпай, аймақтың мәселесі шешілмейді. Сондықтан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын қолға алып, өндіріс орындарын ашуға басымдық бердік. Жұмыс орындары ашылуда. Сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін жастарды даярлау қажет. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Өңіріміз үшін өте маңызды бастама. Кәсіпкерлерге, оқу орындарына тиісті ұсыныстар берілді. Аймақтағы колледждерде, жоғары оқу орындарында техникалық және жұмысшы мамандық иелерін дайындап, өндіріске жіберу – мақсатымыз, – деді өңір басшысы.

Кездесуде шаһар тұрғындары Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, жобаларға қолдау білдірді.

Облыс әкіміне Түркістан қаласында инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмыстар жоспары мен жобалар таныстырылды. Оның ішінде «Отырар» секторы бойынша 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшені жөндеу жоспарланған. Өзге де секторлар мен шеткі елді мекендерде тиісті жұмыстар жалғасады. 2018 жылы Түркістанды кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 15,8 пайыз болса, бүгінде 36,5 пайызға жеткен. Ал үш жылда қаланың 80 пайыздан астамын кәріз жүйесімен қамту жоспарланып отыр.

2024 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың ұзындығы 430,1 шақырымға (50,9%) жетті. 2025 жылы жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 95,4 шақырымды құрайтын 94 көшесінде ведомствалық сараптаманың оң нәтижесі алынып, 30 көшесінде жөндеу жұмыстар басталған.

Сол сияқты облыс орталығындаТүркістан қаласының криминогендік ахуалы мен құқықбұзушылықтың профилактикасы жөнінде мекемеаралық жиын өтті.
Жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Бахытбайұлы мен қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы, сондай-ақ прокуратура, полиция және әкімдік қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде өткен жылғы құқықбұзушылық пен криминогендік ахуалдың қорытындылары, оның ішінде ювеналды полицияның жұмысы мен көші-қон заңнамасының орындалуы, сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының тіркелу жағдайы мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанның тарихи әрі туристік орталық екенін, қауіпсіздік шараларын күшейту — басты назарда болу қажеттігін айтты.
— Қаламызға басқа өңірлерден және шет елдерден зиярат етушілер мен туристік қонақтар жиі келеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруы тиіс,– деді қала басшысы.
Сонымен қатар, әкім қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін рейдтік шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.
— Сауда орындары мен дүкендерде кешкі сағат 20:00-ден кейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу бойынша бақылау күшейтілуі керек. Қоғамдық орындарда полиция патрульдерінің санын арттырып, жол қауіпсіздігіне ерекше мән беруі керек. Түркістан қаласы тек мәдени және тарихи туризмнің орталығы ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз қала болуы тиіс,- деп атап өтті Әзімбек Пазылбекұлы.