АТҚАРЫЛҒАН ӘРБІР ЖҰМЫС УАҚЫТЫ ӘРІ НӘТИЖЕЛІ БОЛУҒА ТИІС

Мемлекет басшысының Жолдауларында өңірлердің алдына қойылған тапсырмалар мен міндеттерді орындау жолында және Түркістан облысы әкімінің биылғы жылға жүктеген міндеттерін жүзеге асырып ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейін көтеру үшін қалалар мен аудандардың басшылары жұмысты жандандыра түсуде.
Сауран ауданы әкімдігінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті апталық мәжіліс өтті. Жиында ауданның жастарды әскерге шақыру, жұмысшы мамандықтарын дамыту, мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыру және мемлекеттік сатып алу конкурстары сияқты төрт негізгі мәселе қаралды.
2024 жылы әскер қатарына шақыру бойынша атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға арналған жоспар туралы Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Дилмурад Нұржанов баяндама жасады. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жастарды әскерге дайындау және олардың патриоттық рухын көтеру бағытындағы жұмыстарды бақылауға алуды тапсырды.
Мемлекет басшысының 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялауына байланысты аудан көлемінде атқарылатын жұмыстар жөнінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек баяндады. Әкім бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, жастарды кәсіптік білімге көптеп тарту үшін жаңа бастамалар ұсыну керектігін айтты.
Биылғы жылы елімізде Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, ҚР Конституциясының 30 жылдығы және Ауған соғысының 36 жылдығы сынды маңызды даталар атап өтіледі. Аудан көлемінде осы мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова мен Ішкі саясат бөлімінің міндетін уақытша атқарушы Марат Қалеке баяндама жасады. Аудан әкімі бұл іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп, тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге тапсырма берді.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілуі болды. Бұл жөнінде Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Ақан Инкарбеков баяндама жасады.
Әкім барлық сатып алу конкурстарының ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етіп, сапасыз қызметтерге жол бермеуді және бюджет қаражаты тиімді жұмсалсын деді.
Жиынды қорытындылаған Мақсат Таңғатаров барлық бөлім басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
– Әрбір бастама, әрбір жоба халықтың игілігі үшін жүзеге асуы керек. Біз жұмысымызда ашықтықты, сапаны және тиімділікті басты назарға алуымыз қажет. Берілген тапсырмалар уақтылы әрі нәтижелі орындалуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Ия, өңір басшысы қадап айтқандай атқарылған әрбір жұмыс уақытылы әрі нәтижелі болуы тиіс. Өйткені, сонда ғана аймақтардың экономикасы дамып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады. Әрі мемлекеттің бюджетінен бөлінген қаржы желге ұшпай халық игілігіне жұмсалатын болады.
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын, тұрғындарды жұмыспен қамтуды және жеке кәсібін ашып өзін жұмыспен қамтамасыз еткісі келетіндерге мүмкіндік беру үшін мемлекеттік бірнеше бағдарлама қабылданып, жұмыс жасауда.
Кентау қаласында «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға үлкен мүмкіндік берді. Осындай мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көрген еңбексүйгіш отбасы — Қанай отбасылары. Бағдарлама аясында 2.5 пайыздық несиемен 7 миллион қаржы алып, уақ малдың басын көбейткен.
Бұған дейін де осы шаруашылықпен айналысқан отбасылар, сүттен түрлі өнімдерін жасап келеді. Ерекше әдіспен әзірленетін ірімшік, дәмді сары май, құрт, сүт, айран дайындайды. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер ауылға сыйлы, үлкенге құрметті, кішіге ізетті жандар. Әулеттің ынтымағы мен бірлігін артырып отырған ерлі-зайыптының отандасқанына 40 жылдан асқан. Ауыл аймақта отырғасын мал шаруашылығын айналысуды жөн санаған. Қанай отбасы бұл ата кәсіпті осыдан 15 жыл бұрын бастаған. Онда сиыр, қой, ешкі секілді ұсақ малдарды бағуда.
Мемлекеттен берілген қаржыға 100 бас уақ малын алып,одан 100-ге жуық төл алған. Басында өздеріне күнделікті қажеттілікке бастаған шаруаның бүгінде өрісі ұлғайып, оның өнімдеріне сұраныс артқан. Қазіргі таңда балаларымен бірге осы кәсіпті әрмен қарай дамытып, немерелеріне үйретуді қолға алған.