Чехия Ирандағы елшілігін уақытша жабады

0
9

Чехия билігі Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығыс жағдайында республиканың Тегерандағы елшілігін уақытша жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Чехияның Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
«Иран Ислам Республикасы аумағында жалғасып жатқан әскери қақтығысқа байланысты қауіпсіздік мақсатында 2025 жылдың 19 маусымында Сыртқы істер министрі Ян Липавский Тегерандағы Чехия елшілігінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шара келесі мәлімдемеге дейін жарамды», — делінген хабарламада.
Сыртқы істер министрлігі Иранда шұғыл консулдық көмекке мұқтаж Чехия азаматтары үшін сенім телефонын ашқанын атап өтті.
Еске салсақ, 13 маусымда Израиль Иранға және оның әскери нысандары мен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты нысандарына ауқымды соққылар берді. Бұған жауап ретінде Иран Израильге зымырандары мен ұшқышсыз ұшақтарымен шабуыл жасады. Соның салдарынан екі елде де бейбіт тұрғындар құрбан болды. Чехиядан басқа Португалия, Швейцария және Словакия Ирандағы елшіліктерін жабу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, ал Швеция мен Голландия елшіліктерінің жұмысы алдағы күндері тоқтатылады.