Қазақстан мен Моңғолия мемлекеттік қызмет саласында ынтымақтастық туралы келісімге келді

Астанада өткен халықаралық GovHR форумы аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Моңғолияның мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі кеңесінің төрағасы Лхагва Цэдэвсурен ханыммен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы кадрлық рәсімдерді, конкурстық іріктеу үшін цифрлық платформалардан бастап онлайн-аттестация құралдары мен қызметшілердің орталықтандырылған тізілімдеріне дейін автоматтандыру мәселесіне арналған. Тараптар Қазақстанның e-Qyzmet жүйесін енгізу кезеңдері мен оның негізгі модульдерін талқылады.
Қазақстан Моңғолияның Мемлекеттік қызмет жөніндегі кеңесіне мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді автоматтандыру мәселелері бойынша жан-жақты әдістемелік қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұған цифрлық шешімдерді ұлттық талаптарға бейімдеуге арналған оқу материалдарын алмасу да кіреді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Моңғолия Мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі кеңесі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық серіктестікке жаңа серпін береді деп күтілуде. Кездесу соңында тараптар нормативтік актілерді әзірлеу, оқу бағдарламаларын ұйымдастыру бағытында ынтымақтастықта жұмыс жасауға уағдаласты.