Қазақстандық инвесторлар Түрікменстан экономикасына 16 миллион доллар инвестициялады

0
65

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ТүрікменстанҮкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара ынталандыру және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдады.

Сенатор Амангелді Нұғманов атап өткендей, бұл Заңның қабылдануы инвесторлар үшін ашық, тұрақты және болжамды жағдайлар жасауға, ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

– Бұл Заң экономиканың барлық салаларындағы – мемлекеттік инвестициялардан жеке инвестицияларға дейін, оның ішінде екі ел арасындағы кәсіпкерлік және іскерлік қызметтің барлық спектрін қамтитын инвестициялық процестерді кешенді қолдау мен қорғауды қамтамасыз ететін іргелі құқықтық акт болып табылады. Бұл құжаттың бірегейлігі мен ерекше маңыздылығы дәл осында: мемлекетаралық деңгейде алғаш рет екі елдің бүкіл инвестициялық қоғамдастығының мүдделерін қорғаудың нақты кепілдіктері мен міндеттемелері белгіленді, — деді депутат.

Келісім сондай-ақ инвестициялық дауларды шешу тетіктерін құруда, халықаралық арбитражға қолжетімділікті қамтамасыз етуде, шетелдік инвестицияларға әділ және тең қатынасты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Келісімде көрсетілгендей, энергетика саласындағы ынтымақтастық басым міндеттердің бірі болып табылады. Қазақстандық тарап Түркіменстандағы газ конденсаты кен орындарын игеру және құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

— QazaqGaz мен «Түркіменгаз» мемлекеттік концерні арасында газ саласындағы ынтымақтастық туралы жеке Келісімге қол қою ерекше маңызға ие. Бұл – екі мемлекет арасында «алтын көпір» салу, экономикамыз үшін де жаңа көкжиектер ашу, өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту қағидасы, деді Амангелді Нұғманов.

Сенатор Сергей Ершов 2024 жылы елдер арасындағы екіжақты тауар айналымы 555,7 миллион долларды құрағанын қосты. Қазақстандық инвесторлар Түрікменстан экономикасына 16,1 миллион доллар инвестиция құйса, Түркіменстаннан келген тікелей шетелдік инвестиция 0,4 миллион долларды құрады. Теміржол, автомобиль және су көлігі саласында екі жаққа да тиімді жобалар бар. Сонымен қатар, түрікмен тарапы бронетранспортерлерді жөндеуге және жаңғыртуға, сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен бөлшектерді жеткізуге мүдделі екенін растады.