Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесіне қосылады

0
59

Алматыда «New Silk Way» 7-ші халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумы өтті.

Форумды Ақордадан тікелей эфирде жасаған құттықтау сөзімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Мемлекет басшысы Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы көпір ретіндегі ерекше рөлін, жаһандық логистикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Телекөпір барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов Мемлекет басшысына Транскаспий бағытының өткізу қабілетін арттыратын және Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік рөлін күшейтетін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолды салу бойынша ауқымды жобаның жүзеге асырылуы туралы баяндады.

Форум аясында Талғат Алдыбергенов халықаралық көлік, инвестициялық және логистикалық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар стратегиялық кездесулер өткізді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Қырғызстан Одақтың сыртқы шекарасындағы көліктік бақылаудан алынған деректермен ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы алмасуға қосылады. Мұндай шешім Алматыда өтіп жатқан «NEW SILK WAY»  халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы барысындағы отырыста қабылданды. Іс-шараны ЕЭК Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Рустан Дженалинов жүргізді.
Тараптар ЕАЭО елдерінің аумағына жүк көліктерінің кіруі кезінде ұлттық уәкілетті органдардың бақылау тиімділігін арттыруға арналған Одақтың сыртқы және өзара саудасы үшін Бірыңғай ақпараттық жүйенің  элементтерінің бірін енгізу мәселесін егжей-тегжейлі талқылады. Бұл элемент ЕАЭО сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды ақпараттық қамтамасыз етуге қатысты болды.

Қазіргі уақытта Беларусь пен Ресей ақпарат алмасумен айналысады. Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның қатысуымен жобаны 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

Отырысқа қатысушылар сондай-ақ ЕАЭО аумағында электронды халықаралық жүкқұжатты пилоттық енгізуді және ауыр және габаритті көліктерге арнайы рұқсаттарды электронды түрде беруді талқылады.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көліктік бақылау органдары басшыларының келесі кездесуі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.

Армения ЕАЭО туралы шартқа тиісті түзетулердің енгізілуіне байланысты жалпы процесті жүзеге асыруға қатыспайды.

ЕАЭО Біріктірілген ақпараттық жүйесі географиялық бөлінген мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерінің, сондай-ақ Комиссияның ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерінің жиынтығы болып табылады.

Жүйе ЕАЭО аясында мемлекетаралық деректер мен электрондық құжаттар алмасуды жеңілдету және ортақ ақпараттық ресурстарды құру үшін әзірленген. Оның дереккөзі уәкілетті мемлекеттік органдардың деректері болып табылады.
Шетелдік қонақ, Mangal Transport & Shipping компаниясының басшысы доктор Мангалдың айтуынша, бұл форум Қазақстанның инвестиция үшін бұрынғыдан да тартымды екенін көрсетті.

«Мен логистика мен көлікке салынған инвестиция туралы есеп дайындадым. Қазақстан тұрақты дамып келеді және сенімді инвестициялық серіктес болып табылады. Қазақстан ең маңызды транзиттік жолда орналасқан. Сондықтан бұл салаға инвестиция қажет және олар жақын болашақта барлығына пайда әкеледі», — деді ол.

Форумға 30 елден 500-ден астам қатысушы – мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және жеке сектордың өкілдері қатысты.

«New Silk Way» платформасы Қазақстанның жаһандық логистикадағы позициясын нығайтуға және болашақтың жаңа еуразиялық бағыттарын дамытуға стратегиялық бағдарын айқын көрсетті десек болады.