Қазақстан-Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық

0
38

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Беларусь Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Николай Снопковтың тең төрағалығымен Қазақстан-Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның XIX отырысы өтті.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация, көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, туризм, білім беру және ғылым салаларындағы мәселелерді талқылады.

Өз сөзінде Роман Скляр қазіргі кезеңде екіжақты қарым-қатынас ынтымақтастықтың барлық салаларында сепінді дамумен ерекшеленетінін айтты. Сондай-ақ ең жоғарғы және жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, үкімет басшылары мен министрліктердің бір-біріне сапарлармен баруы өзара түсіністікті нығайтуға және конструктивті серіктестікті қалыптастыруға үлкен септігін тигізуде екенін ерекше атап өтті.

Роман Скляр іс жүзіндегі әріптестік мәселелеріне баса назар аудартып, оның одан әрі тереңдеуіне Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Премьер-министрлері мақұлдаған 2025–2029 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасына (Жол картасына) 2024 жылдың қараша айында қол қойылуы маңызды серпін болғанын жеткізді.

Өз кезегінде Николай Снопков Қазақстан мен Беларусь арасында жоғары деңгейде өзара түсіністік орныққанын атап өтіп, осы кездесудің қорытындылары стратегиялық серіктестікті дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Үкіметаралық комиссияның XIX отырысының Хаттамасына қол қойылды. Тараптар Қазақстан-Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның келесі ХХ отырысын 2026 жылы Минск қаласында өткізетін болып келісті.

Бұдан бөлек, Астанада өткен форумда Беларусь пен Қазақстан агроөнеркәсіп кешеніндегі серіктестігін тереңдетті. Бірінші Беларусь-Қазақ аграрлық форумы — екі ел арасындағы агроөнеркәсіп секторындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатын маңызды оқиға. Іс-шара екіжақты байланыстарды нығайтуға және ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы технологиялары және агроөнеркәсіп кешені үшін инновациялық шешімдер саласында бірлескен жобаларды әзірлеуге бағытталған.

Форумды Қазақстандағы Беларусь елшілігінің және Беларусь Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің қолдауымен Ұлттық маркетинг орталығы ұйымдастырды. Форумға Беларусь пен Қазақстаннан 100-ден астам өкіл, соның ішінде тиісті министрліктердің, жетекші ауыл шаруашылығы компанияларының, ғылыми-зерттеу институттарының және бизнес қауымдастығының басшылары қатысты.

Бағдарламаға ауыл шаруашылығы технологиялары, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және биотехнология саласындағы озық әзірлемелердің тұсаукесерлері кірді. Форум нәтижесінде Беларусь пен Қазақстан кәсіпорындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасында бірнеше ынтымақтастық туралы келісімдерге, сондай-ақ 90 миллион доллардан астам сомаға коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды.