Қазақстан әлемдік білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеуде

0
67

Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Trendnews.kz тілшісі, Ақордаға сілтеме жасап.

Президент білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.

–  Бұл – шын мәнінде өте маңызды жиын, жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы аса құнды ой-пікірлер айтылатын, болжамдар жасалатын бірегей алаң. Осыған орай кешеден бері әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары және өкілдері Астанада бас қосып, пікір алмасып жатыр. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар елордамызда маңызды мәселелерді талқылауда. Бүгін де академиялық білім әлеміндегі беделді жоғары оқу орындарының жетекшілері терең мағыналы ойларын ортаға салды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы.

– Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Мемлекет ғалымдарға, әсіресе, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа тоқталды.

– Елімізде 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына салынады, яғни Қазақстандағы әр бала 18 жасқа дейін Ұлттық қордан қаржы алып тұрады. Аталған қаражатты мерзімінен бұрын қолдануға болмайды. Балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін жинақталған қаржыны баспана немесе білім алуға жұмсай алады. Сонымен қатар бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйеде ата-аналардың ерікті салымы, мемлекет тарапынан бөлінетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс жинақталады. Жобалардың негізгі мақсаты – бір, бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұдан бөлек, жастарға пайызсыз білім несиелері және түрлі гранттар берілуде. Жоғары білім беру саласының инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр, жаңа оқу ғимараттары (кампустар) бой көтеруде. Аймақтарда жоғары оқу орындарының жанынан студенттерге арналған жатақханалар салынуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласына салынған инвестиция Қазақстанның жарқын болашағына қарай жасалған қадам екенін, алдымызда экономиканы жаңғырту, жаңа өндіріс секторларын қалыптастыру, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізу және Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту мақсаттары тұрғанын жеткізді.

Осы орайда Мемлекет басшысы қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.

Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің аймақпен көршілес бірқатар мемлекеттегі демографиялық көрсеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік береді деп санайды.

– Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Сондықтан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл – аса маңызды. Өйткені білім беру саласындағы көптілділік адамдардың немесе университеттердің, тіпті, тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсеке қабілеттілігінің негізін қалайды. Келешекте де солай болмақ. Оған еш күмән жоқ. Сондықтан әлемдік академиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. 2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады. Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.

Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының президенті Нунцио Квакварелли, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) ректоры Анатолий Торкунов, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің президенті Пэн Дуань, Cardiff University президенті Венди Ларнер, Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Minerva University президенті Бен Нельсон, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаев сөз сөйледі.