Мемлекет басшысы бірқатар шетелдік университет басшыларын қабылдады

0
63

Мемлекет басшысы Бейжің Тіл және мәдениет университетінің президенті Дуань Пэнді қабылдады, деп хабарлайды Trendnews.kz тілшісі, Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада аталған университет филиалының ашылуы нәтижелі қазақ-қытай ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетеді деп санайды. Сондай-ақ бұл гуманитарлық байланысты нығайтып, елдер арасындағы зияткерлік қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал ететініне тоқталды.

Кездесу барысында жасанды интеллект технологияларын дамыту, ғылым-білім саласында ықпалдастық орнату, білікті қытайтанушы-лингвистерді даярлау мәселелері талқыланды.

Дуань Пэн қолданбалы лингвистика және цифрлық оқыту салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективасы жөнінде әңгімеледі.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев МИФИ ректоры Владимир Шевченкомен кездесті. Мемлекет басшысы «Мәскеу инженерлік-физикалық институты» ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченкомен әңгімелесу барысында еліміз үшін ядролық энергетиканың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен алғашқы АЭС құрылысын жүргізу қолға алынғанына тоқталды. Бұдан бөлек, тағы бірнеше станса салу жоспарланып отыр.

2022 жылы Алматыда МИФИ филиалы ашылды. Оқу орнынан алғашқы магистрлер түлеп ұшты.

Президенттің пікірінше, бұл ядролық энергетика саласында біліктілігі жоғары маман даярлауға септігін тигізеді.

МИФИ ядролық ғылымды дамытуда және атом мамандарын даярлауда әлемдегі жетекші орталықтардың бірі ретінде танылған.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкуновпен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы ММХҚИ-дің халықаралық қатынастар саласы бойынша білікті мамандарды даярлаудағы беделін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында ММХҚИ филиалының ашылуын құптады. Қазір мұнда 100 студент білім алуда.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей академиялық қауымдастықтарының нәтижелі ықпалдастыққа ұмтылысы екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.