Қазақстан ТМД елдерімен білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

0
55

20 қарашада Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесінің отырысы өтті.

Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

Отырыста Кеңестің жылдық қызметі қорытындыланды, одан әрі ынтымақтастықтың бағыттары анықталды, экологиялық білім беру, кәсіби қайта даярлау және технология мен инженерияны дамытудың жаңа салаларында біліктілікті арттыру, сондай-ақ ауылшаруашылық білім беру саласындағы кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру және қайта даярлау бойынша негізгі ұйымдарды дамыту перспективалары талқыланды.

Кеңес 2020-2030 жылдарға арналған 4-тұрақты даму мақсатын іске асыру бойынша ТМД елдерінің қызметін үйлестіру жөніндегі іс-қимыл жоспарының орындалуын қарады. Инклюзивті және әділ сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін ілгерілетуге бағытталған 4-Тұрақты даму мақсатына қол жеткізуді жеңілдету бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға салалық министрліктердің қосқан үлесі оң бағаланды.

Достастықтың білім беру департаменттерінің өкілдері ТМД-ға мүше мемлекеттерде кәсіптік білім берудегі сапаны қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асырудың бірінші жылының нәтижелерін қорытындылады, кәсіптік білім беру мен оқытудағы халықаралық шеберлік орталықтарының желісін құру және дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеу бастамасын мақұлдады, сондай-ақ білім беру сапасын қамтамасыз ету және академиялық және оқытушылық құрамды сертификаттау мәселелерін талқылады.

Кеңес мүшелері 2027-2035 жылдарға арналған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру бағдарламасының жобасын мақұлдады. Сараптамалық шолудан кейін құжат белгіленген рәсімдерге сәйкес ТМД Үкімет басшылары кеңесінің қарауына ұсынылады.

Кеңестің шешімімен 2026 жылдың қазан айында Минскіде өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің IX съезінің тұжырымдамасы бекітілді және съезге және IV Халықаралық педагогикалық шеберлік фестиваліне дайындық бойынша ұйымдастырушылық мәселелер пысықталды.

Сонымен қатар, Ресейдің Қазіргі заманғы өнер институтына өнер, заманауи медиа, дизайн және цифрлық контент өндірісіне негізделген шығармашылық салалар үшін кадрларды даярлау бойынша негізгі ұйым мәртебесін беру бастамасы мақұлданды. Осы мақсатта тиісті жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Кеңес мүшелері сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы білім берудегі инклюзивтілік қағидатын енгізу бойынша ынтымақтастықты дамыту стратегиясының жобасын және оны жүзеге асырудың жол картасын әзірлеу бойынша Беларусь бастамасын қолдады және 2026 жылы Ресейде жоғары білім беру мұғалімдерінің форумын өткізу туралы ұсынысты қолдады.

ТМД-ға мүше мемлекеттердің тарихшылары мен мұрағатшыларының халықаралық қауымдастығының (комиссиясының) қамқорлығымен жарық көрген «Кеңес Одағы халықтары және Ұлы Жеңіс. 1941–1945» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл ұжымдық жұмыс білім беру процесінде пайдалану үшін министрліктерге ұсынылады.

ТМД-ға мүше мемлекеттердің білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысын 2026 жылы Тәжікстанда өткізу жоспарланды.