Түркістан облысында өндіріс орындарын ашуға басымдық беріледі

0
249
 Сайрам ауданына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен барып, өндіріс орындарын аралады. Ауданда жүзеге асырылатын жобалармен танысып, тұрғындармен кәсіпкерлікті дамыту бағытында пікір алмасты. Облыс басшысы  бюджет қаражатына емес, кәсіпкерлік пен зауыт-фабрикалардан түсетін табысқа сенім артқан жөндігін айтып, облыста өндіріс орындарын ашуға басымдық берілетінін жеткізді. Аудан әкімдерінің жұмысының негізгі индикаторларының бірі — елді кәсіпкерлікке баулу, жаңа кәсіпорындар ашу екендігін де атап өтті.
Облыс әкімі «CaPable Group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жөргектер және сулықтар шығаратын өндіріс орнында болды. Бүгінде аталған кәсіпорын жылына 100 млн. дана, тәулігіне 85-90 мың дана тауар шығаруға қауқарлы. 60 адам жұмыспен қамтылған.
Одан кейін Дархан Сатыбалды «Медикал Центр Манкент» клиникасы мен «BELLA TRADE» жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты. 100 орынға арналған медициналық мекемеде 38 адам жұмыспен қамтылған. Ал жиһаз зауытында 120-ға жуық адам жұмыс істейді.
Бүгінде Сайрам ауданында агросала және мал шаруашылығы өте қарқынды дамып отыр. Солардың бірі – «NUR AGRO» шаруа қожалығы. Қазіргі таңда мұнда 35 адам жұмыспен қамтылған. 3,6 гектар аумақта орналасқан шаруа қожалығында қияр мен қызанақ егіледі. Кәсіпкер бұл жобаны жүзеге асыру үшін өз қаражатын жұмсаған және «Аграрлық несие корпорациясынан» да қомақты қолдау несиесін алған.
Сайрам ауданындағы «Қайып ата» ЖШС 2016 жылдың тамыз айында құрылған. Кәсіпорын ет шаруашылығымен айналысады. 40 адам жұмыспен қамтылған. «Қайып ата» ЖШС-і етті Қазақстанға ғана емес, шет мемлекеттерге де экспорттап келеді.
Аталған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан Дархан Сатыбалды өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар күшейетінін жеткізді.