Сенат сайлауы: Түркістан облысында ең көп таңдаушы дауыс берді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауында республика бойынша ең көп таңдаушы Түркістан облысында тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Парламент Сенатының депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар – мәслихаттардың депутаттары сайлайды. Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3 167 мәслихат депутаты енгізілген.
Ал, бүгін өткен сайлауда еліміз бойынша ең көп таңдаушы Түркістан облысында тіркелді. Атап айтар болсақ, сайлауға 278 мәслихат депутаты қатысып, өз таңдауын жасады. Ал, 39 депутат белгілі себептерге байланысты қатыса алмады.
Жалпы, Түркістан облысында 17 аудан, қалалық және бір облыстық мәслихат бар. Оларда 317 депутат тіркелген.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауында Түркістан облысында үміткер Мұрат Қадырбек 200 дауыс жинады.