Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Тұрғындармен кездесуде Дархан Сатыбалды атқарылған жұмыстарға тоқталды, алдағы жобаларды жүзеге асыруда елдің пікірі маңызды екенін жеткізді.

– Мемлекет басшылығының қолдауымен 4 жарым жылда Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асты. Оны көріп, біліп жүрсіздер. Дегенмен облыс халқының 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан біз алдағы уақытта ауылдарды дамытуға да басымдық береміз. Ал Түркістанды дамыту жұмысы жалғасады. Индустриалды аймақты және арнайы экономикалық аймақтың жұмысын күшейтеміз. Өндіріс орындарын көбейту арқылы ғана ел әлеуеті артады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын жеткізді. Оның ішінде 3 мектеп 2 мың орындық болады. Екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ.

– Біз білім саласын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Осы сала реттеліп, білімді жастар өссе, өзге мәселелер де шешіледі. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Түркістан қаласы бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда, — деді облыс әкімі.