Түркістан қаласына былтыр 304 млрд. теңге инвестиция тартылған

0
314

Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесуде Дархан Сатыбалды атқарылған жұмыстарға тоқталды, алдағы жобаларды жүзеге асыруда елдің пікірі маңызды екенін жеткізді.

– Мемлекет басшылығының қолдауымен 4 жарым жылда Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асты. Оны көріп, біліп жүрсіздер. Дегенмен облыс халқының 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан біз алдағы уақытта ауылдарды дамытуға да басымдық береміз. Ал Түркістанды дамыту жұмысы жалғасады. Индустриалды аймақты және арнайы экономикалық аймақтың жұмысын күшейтеміз. Өндіріс орындарын көбейту арқылы ғана ел әлеуеті артады. Біз келісіп алуымыз керек. Бірінші елге не керек? Ауыз су ма, әлде әлеуметтік нысан ба? Бірінші кезекте тез шешуді талап ететін мәселелер шешілуі керек. Бұл ретте сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Осындай кездесулердегі ұсыныстар толық зерделенеді, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі аз уақытта Түркістан қаласында мәдени-спорттық, туристік және өзге де ғимараттар салынғанын, қала жаңа өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатқанына тоқталды.