Бір әшуді қаншадан кесесіздер, Мұрат Дүйсенбекұлы?

0
166
Бүгін екінші күн — біраз шымкенттіктер ит мініп, ирек қамшылап кеттік. Бізді иттен әрі, шошқадан бері қылған жергілікті әкімдіктің қаңғыған иттерді піштіреміз деп бюджеттен 140 миллион теңге қаражат бөлу туралы шығарған шешімі еді. Бізді де түсінуге болады енді, баламызды, немеремізді сүндетке жатқызғанда тақиясының ішіне ондай ақша түспейді, мына Әйтеновтің қаңғыбас иттерге осынша қаражат бөлгенінен кейін қанымыз басымызға шауып кетті де. Шымкентте көп болса 100, әрі кетсе 500 қаңғыбас ит бар шығар, осы 500 иттің әшубайын кесу үшін 140 миллион теңгені лақ еткізгені миымыздың қауашағына сыймай-ақ қойды. 500 әшуді кесуге не ақша кете қояды дейсің, тәйірі?! Әшу кесетіндердің қолына әр ит басына 1000 теңгеден ұстатсаң, нәйеті 500 мың теңге ғана кетпей ме?! Әшейінде той жасағанда, қайтыс болған ағайынның жетісін, қырқын, жылын бергенде «ысырап қылма» деп жағаласа кететін имам-молдалардың мына ысырапқа келгенде неге ауыздарына су толтырып алғанын түсінбей-ақ қойдық. Әңгімеге араласып кеткеніміз содан еді.
Содан біздің жазбаның астына бұрын атын естіп, суреттен түрін көрмеген еуропа нәсілдес ағайын қаптап кетсін! Біреуі тіпті Мәскеуде тұрады екен-міс. Солар менің қазақша жазбамды сол сәтте оқып, түсініп қойыпты да бірден орыс тілінде пікірлерін білдіріпті. Менің қазақша жазылған астарлы әзілімді Сәрсенбай көршім түсінбей отырғанда Оля Ахмедова, Марина Низовкина, Тахмина Иманбаева, Наталья Беседина, Анжелика Мустафаева, Зарина Валишина, Борис Потапчук, Оксана Волк, Ольга Нарядная, Ирина Раца, Настя Солохина дегендер бірден түсініпті. Түсініпті де бірден Мұрат Әйтеновті ақтап алыпты. Осы арада айта кетейін, Низовкинадан басқалары фейк. Егер бірлі-жарымы фейк болмай, өмірде бар адамдар болса, кешірім сұраймын. Сонымен бұлар не дейді?
Бұлар көшеде қаңғып жүрген иесіз бұралқы иттерді атып тастамай, піштіруге шешім қабылдаған Шымкент қаласы әкімдігін, әкім Мұрат Әйтеновті өте гуманный адам деп қабылдапты да, бізді соны түсінбей отырған адамның қатарына қосыпты. Олардың мұндай пәлсапасына бас ауыртпай-ақ қоюға да болар еді. Бірақ ол Беседина мен Валишиналарды Шымкент қаласы әкімдігінің жекеменшік фейктері деп күдіктенгендіктен, яғни ол сөздердің иесі жергілікті билік өкілдерінің өздері деп ойлағандықтан бірлі-жарым мәселелерді түсіндіруге тура келіп тұр.
Бұрын да айттық, біздің бұқара мен билік 30 жылдан бері өзара тіл табыса алмай-ақ қойды. Тіл табыса алмайтыны билік мәселеге жергілікті бұқараның менталитеті тұрғысынан келмейді, батысша ойлайды. «Мұндай заңдар Еуропаның барлық елінде бар» дейді де ешнәрсеге қарамай көшіріп ала қояды. Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы, меніңше, дәл осындай тағдырмен қабылданған заңдардың бірі. Әйтпесе, осы заңды әзірлеген Үкімет мүшелерінің, оны қабылдаған Парламент депутаттарының, ол заңды жүзеге асырғалы жатқан Әйтенов командасы өкілдерінің қайсысының ата-бабасы ит піштірумен айналысыпты дейсіз?! Қазақ бұралқы итті көбеймесін деп қашан піштіріпті, өзі?! Ондай итті «біреуді қауып алып, жазым қылар» деп бірден атып тастайды. Сол үшін қазақты ешкім де тасжүрек деп айыптай алмаса керек. Бұл — қауіп-қатердің алдын алғандық! Піштірілген ит адам қаппайды деп есектің миын жеген біреулер ойламаса, сау адам олай ойламайды.
Рас, еуропалықтардың итке, мысыққа деген махаббаты ерекше. Олар ит пен мысықты баласынан жақсы көреді. Еуропалық әйелдер байына қимайтын жылы-жұмсағын итіне береді. Итімен бір пәтерде тұрады. Әкесі өлейін деп жатқанда соншалықты қайғыра қоймайтын олар иті, мысығы ауырып қалса жылап, еңіреп ветеринардың алдынан бір-ақ шығады. Бұл үшін ол ағайындарды кінәлау орынсыз да шығар. Мұны менталитет дейді.
Ал, біздің асыл ата-әжелеріміз ешқашан итпен бір үйде бірге тұрмаған! Оны өлім көрген! Рас, тазыларды бір ауық үйге кіргізген, бірақ қазақ тазыны итке қоспаған. Тіпті тазыны о баста құмай деген құстың жұмыртқасынан пайда болыпты дейтін аңыз да бар.
Қазақ адал малды ғана піштіреді, тарттырады немесе ақтайды. Қазақ еш уақытта итті, мысықты, тышқанды піштірумен айналыспаған. Алда-жалда біреу сөйтейік деп айта қалса, оны жындыға санап, молдаға оқытып жіберген, құрметті депутаттар! Мұның бәрін Нарядная мен Солохиналарға түсіндіремін деп әуре болудың қажеті жоқ, бірақ қазақ тілді аудитория мен орыс тілді аудиторияны қысқа күнде қырық пышақ қылған біздің билікке түсіндірмесе болмайды. Олар мұны түсінбесе, қазақтың руханиятына қабыспайтын заңдарды қабылдай береді, қабылдай береді. Әйтпесе, осы заңды дайындаған Үкімет мүшелерінің, осы заңның қабылдануына қол көтерген депутаттардың бәрінің қолдарында есектің құлағындай-есектің құлағындай кемінде екі дипломнан бар ғой! Әлгі 140 миллионды әкімдік мәслихат сессиясында бекітіп алды емес пе?! Ол депутаттардың да барлығы жоғары білімді мамандар! Сөйтіп отырып не әзірлегендерін, не қабылдағандарын өздері білмейді. Жоқ, әлде олар піштірілген иттер «қой, енді, мына түрімізбен адам қапсақ ұят болар» деп ойлайды деді ме екен?! Бұралқы иттің аты — бұралқы ит, ол піштірілсе де, піштірілмесе де біреуді қабуы, жазым қылуы мүмкін. Биліктің қазаққа жаны ашыса, қазақтың менталитетін түсінсе, ит піштіруге заң шығармай, иттерін көшеде тұмылдырықсыз алып жүретіндерді қатаң жазалайтын заң шығаруы керек еді ғой. Ал, осыларды білу үшін адамға соншалықты ақылды болудың да қажеті жоқ, иттен сәл ақылды болса жетеді!
Сонымен, Мұрат Дүйсенбекұлы, Шымкентте бір итті қаншадан піштірмексіздер? Оны піштіретін жер әзірледіңіздер ме? Ондай жер әзірлемесеңіздер бұл әрекеттеріңіз «Отауынан бұрын…» дегеннің өзі болып шықпай ма?! Сізді тұрғындарға бір жауабын береді деп сенемін.

Автор: Абай Балажан.