Екі кітапхана бөлімі ашылды

Түркістан облысында бүгінде мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Музей, кітапхана, мәдениет үйлері жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істеуде. Одан бөлек, заманауи жаңаша идеялар да жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі де бірегейі облыс орталығынан бөлек, аудандарда да оқырмандардың кітап оқуға деген ынтызарлығын арттыру мақсатында базарларда, сауда орталықтарында жылжымалы кітапханалар жүйесі ұйымдастырылуда. Күні кеше Түркістан облысында кітапхана оқырман тарту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Осы орайда бүгін Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында қос бірдей кітапхана пункті ашылды. Жылжымалы кітапхана пунктінің ашылуына Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәди Нұрлыбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаңабек Хамраев, Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов, аудан тұрғындары, кітапханашылар қатысты. Келіп, кітапхана қорыммен танысушылар қатары аз болған жоқ. Сонымен қатар, кітапхана қоры да қомақты. Мұнда кез-келген оқырман өз қалауы бойынша қажет кітапты таба алады. Сайрам аудандық кітапханалар жүйесінің директорының міндетін атқарушы Гүлжан Рахимова пункт жұмысына шолу жасады. «Базардағы кітапхана» жобасы аясында «Эль-Нұр» сауда орталығынан ашылған кітапхана бөлімінде 2000 кітап қоры бар. Сол мұраға ие кітапханада сан тақырыпты кітаптарды табуға болады. Жалпы аумағы – 1 797 шаршы метрді құрайды, оның ішінде сауда алаңы – 1520 шаршы метр, сауда орындары – 118 болса, сауда жасаушылар саны – 106 адам. Мұнда келушілер қатары да аз емес. Ал кітапханаға бас сұғушылар қатары да аз болмайды деген сөз. Ал «Ашық әкімдіктегі – ашық кітапхана» жобасы негізінде Ы.Иманалиев атындағы орталық мешітінде ашылған кітапхана пунктінде 210 кітап қоры бар. Мұнда көркем және балалар әдебиеті мен заманауи оқулықтар, мерзімді басылымдар ұсынылған. Мектеп оқушысынан бастап зейнет жасына дейінгі оқырман талабына сай кітаптарды табуға болады. Кітаптар оқырман сұранысына орай жаңартылып және толықтырылып отырады.
Келген көпшілік кітапхана бөлімінің алдағы уақытта оқырман игілігі үшін үздіксіз еңбек ететініне, ерекше мәдени ошаққа айналарына тілектестігін жеткізді. Ауданда кітапханалар жүйесі ұдайы оқырман тарту мақсатында іс шаралар өткізіп тұрады. Соның желісінде тұрақты оқырмандар қалыптасқан. Жаңадан ашылған кітапханалар жүйесіне келушілер қатары да аз болмайтын сыңайлы.
