Мәні бөлек, мазмұны ерек бұл жоба бастау алды

Жас ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру күн тәртібінен түспеуі тиіс басты мәселелердің бірі болуы тиіс. Сондықтан да бүгінде білім бесіктерінде арнайы ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бала шақтан тәрбиесінің іргетасы нықталған жасөсірімдер жаман жолға түспейтіні анық. Бүгінде Түркістан облысында игі бір бастама бастау алды. Оқушыларға берері мол жақсы бастаманың жемісі де игілікті болады деген сенім басым. Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында арнайы кино көрсетілім жобасы бастау алды. Аудан әкімі Арман Сәбитовтің тапсырмасымен барлық ауылдағы, елді мекендегі мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда арнайы кино көрсетілім көрсету ұйымдастырылатын болмақ. Бұл жобаға оқушылар да асқан қызығушылық танытып отыр. Әрі оқушыларға мәнді де мағыналы фильмдер топтамасы ұсынылатын болады. Алғаш аудан орталығындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінен бастау алған іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов көпшілікке іс-шараның маңыздылығын түсіндірді. Іс-шараға жастар жағы көптеп қатысты. Онда танымал режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты киносы көрсетілді. «Анаға апарар жол» картинасының негізгі сюжеті ана махаббатының қуатты күшінен бастау алады. Осынау құдіретті күштің арқасында кейіпкер үйіне барар жолда кездескен ауыр қинышылықтарды жеңіп шығады. Оқиғаның негізгі желісі қазақ халықының басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген: ұжымдастыру, жұт, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар. Картинаның басты кейіпкері Ілияс ерекше рухты, ерлік пен отансүйгіштік және керемет қайсар мінез көрсетеді. Тағдырдың ауыр соққыларымен бетпе-бет келеді: балалар үйі, сұрапыл соғыс, тұтқынға түсу, жазасын өтеушілер лагеріне тап болады. Осынау ауыртпалықтарды еңсеруге оған анамен жүздесу мақсаты күш береді. Фильм өмірлік құндылықтардың мәні мен тіршіліктегі құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға жол сілтейді.
Мәні бөлек, мазмұны ерек бұл жоба аясында 15 үздік отандық кино іріктеліп алынған. Олардың негізгі бағыттары патриоттық тәрбиеге баулу, отансүйгіштікке үндеу болса, тарихи танымдық, қазақтың біртуар азаматтарының ұлағатты ғұмыры жайлы да кинолар бар.
Айта кетейік, ұлттық тәрбиені көтеру, патриоттық сезімді дамыту мақсатында бұл жоба алдағы уақытта барлық мәдени ошақта жалғасын табатын болады. Бұл жоба оқушылар тарапынан үлкен қолдау тауып отыр.