«Жасын ғұмыр – мәңгілік жыр» атты әдеби еске алу кеші өтті

Әдебиеттегі алыптарымызды ұлықтау ешуақытта да артықтық етпейді. Бүгінгі жас буынның жарқын болашағы үшін кешегі өткен тарих оларға үлгі болуы тиіс. Осы орайда, әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндеп жарқырап кірген, зиялы қауымды жан-жақты білімімен, журналистика саласындағы білікті ізденістерімен әдебиеттегі жаңашыл сыни ой- пікірмен , жаңашыл жазылған өлең, баллада, пародияларымен елең еткізген жазушы Саттар Ерубаевтың 110 жылдығына арнап «Жасын ғұмыр – мәңгілік жыр» атты әдеби еске алу кеші Түркістан облысына қарасты Келес аудандық орталық кітапхананың оқу залында өткізілді.
Кеште қазақ әдебиетінің аспанына жарқ етіп көтеріліп, бірақ лезде жалт етіп ағып түскен жұлдыздарының бірі, өмір дегенде өксігін баса алмай , өнерінің барлық гүлін аша алмай арманда кеткен жас талант Саттар Асқарұлы Ерубаевтың өміржолына арналған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Бейнебаянда ақынның барлық өмір өткелдері толық қамтылған. Оқушылар қызыға тамашалады. Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсетті. Артына көлемі шағын болсада салмақты, құнды әдеби мұра қалдырды. Оның қазақ кеңес әдебиетінде бірінші болып игерген жаңа жанрдағы шығармалары – балладалары ,новеллалары, пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиеттің алтын қорына енді. Айтулы мәдени кешке қатысқан белсенді зейнеткер оқырмандар Алибеков Кәрімбек пен №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп гимназиясынан келген оқырмандар «Мәңгілік өмір» шығармаларынан өлеңдерін оқып, « Менің құрдастарым» романын айтып баяндап берді және Саттар Ерубаевтың өміржолы мен шығармаларын оқып танысқанда алған әсерлерімен ой бөлісті. Ақын шығармалары толыққанды сараланып, талданды.
Кеш арнайы кітап қорда бар мәліметтерден ұйымдастырылған «Әдебиетте ерте жарқ еткен жұлдыз» атты кеңейтілген кітап көрмесіне библограф Бухарова Айнаш Сәдібекқызы шолу жасап көпшілік оқырманды тереңірек таныстырды.
Жарық дүниеде 24 жыл ғана ғұмыр кешкен жастардың сүйікті жазушысы Саттар Ерубаев артына өшпестей мұра «Мәңгілік өмір» қалдырды. Алмастай жалтылдаған асау талант иесінің новеллаларында өршіл романтика, өткір публицистика,философиялық пайымдау өзара біте қайнасып,эстетикалық әсерді күшейтіп отырады. Бұл Саттар Ерубаевтың шығармаларының ерекшелігі.
Саттар Ерубаев көркем прозамен қатар адам жанын тебіренттер поэзияның да өкілі болды. Саттар Ерубаевтың еңбектерімен толық тереңірек мәліметтер алғыларыңыз келсе Келес аудандық кітапханасының есігі әрдайым ашық! Кеш соңында алтын уақыттарын бөліп келіп атсалысқан белсенді оқырмандарды кеш жүргізушісі Майра Сапарбекова «Алғыс хатпен» марапаттап алғысын білдірді. Саттар Ерубаев –қазақтың ұлттық көркем өнерінің шығармашылық кесек тұлғасы.Ол жалындаған жастықтың жыршысы болып, келешекке ұрпақпен табыса берері хақ. Алдағы уақытта белсенді оқырмандар кітапхана ұжымы атынан марапатталатын болады. Одан бөлек кітапхана ұжымы алдағы уақытта қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалар туралы мәдени кештер легін жалғастыратын болады.