ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯМЕН СУДЫ ҮНЕМДЕУДЕ

0
73

Мемлекет басшысы бағдарламалар мен жобалар қолдауымен ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына қол жеткізумен қатар шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өз жұмысын атқарып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру барысында озық технологияларды енгізуін тапсырған. Соның ішінде суды үнемдеуге байланысты тамшылатып суғаруды енгізудің маңыздылығын да айтқан болатын. Соған орай, Түркістан облысында ауыл шаруашылығында озық технологияларды енгізуге мән беріліп отыр.
Жалпы Түлкібас ауданында алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7 жүз гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылды.
Оның 25 гектарына көшетті Жабағылы ауылдық округіне қарасты «Алмалы сай» ЖШС ерте көктемде отырғызса, қалған 30 гектарын Шақпақ ауылдық округіне тиесілі «Кентау» ЖШС отырғызуда.
Аталған жұмыстардың барысымен танысу мақсатында, «Кентау» ЖШС-не аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Марат Жанесен, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуатбек Еркебаев, округ әкімі Сәбит Қозтаев жауапты мамандармен бірге арнайы барып, кәсіпкерге мемлекет тарапынан заң талаптарына сай барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, ісіне сәттілік тіледі.
Серіктестің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, егіліп жатқан алма көшеттері Түркия елінен арнайы алынған.
Айта кетейік, «Кентау» ЖШС-нің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2000 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4 мың 4 жүз тоннаға дейін экологиялық тұрғыдағы таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.
Ал, Төлеби ауданына қарасты Тасарық ауылдық округі Оңтүстік елді мекенінің тұрғыны Шонов Қалмахан өзінің үйіргелік 0,80 га жеріне тамшылатып суару жүйесін енгізе отырып, құлпынай өсіруде.
Дәмімен ғана емес, денсаулыққа тигізер пайдасымен үлкеннің де, кішінің де сүйікті жидегіне айналған құлпынайға деген сұраныс артып келеді. Құлпынай көшеттерінің «Виктория», «Черный принц», «Клер» сортын арнайы жабынды астында егіп, құрғашылықтан сақтау үшін тұрақты түрде суарылып отырады. Су шығынын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылған. Бұл әдістің тиімділігі сол, өсімдік уақытылы суарылады әрі тіршілік нәрі әрбір көшеттің тамырына дейін барады. Ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен өсіріліп, піскен құлпынайды теру жұмысы жүргізілуде. Шаруа күніне 350-500 кг дейін құлпынай жинап, тәтті жидек теру ісіне ауыл тұрғындары көмек беріп, 6 адам жұмыспен қамтылып, өнімді сауда орындарына жеткізуде.