ТАБИҒИ ГАЗ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚУАНЫШҚА БӨЛЕДІ

Түркістан облысы әкімінің «Өңірлердің инфрақұрылымын дамыту» жоспарына сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстар көп. Солардың бірі – аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстар. Табиғи газдың ауылды жерлерге келуі ондағы тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеріп, өмір сүру жайлылығын артыра түспек. Бұл қала мен ауыл тұрғындары арасындағы тұрмыстық алшақтықты азайтып, жастардың ауылда қалуына да ықпалын тигізеді.
Таяуда Ордабасы ауданы, Қараспан ауылдық округіне қарасты Бейсен, Мақташы және Ақжол ауылдарына табиғи газ берілді. Көгілдір газдың әр отбасына келуі ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Олар осы игілікті істі ұйымдастырып, оны жүзеге асырған азаматтарға алғыстарын білдірді.
Бейсен ауылына газ тарту жұмыстары 2020 жылы басталып, жалпы ұзындығы 7 шақырымнан асатын құбыр тартылған. Қазіргі таңда ауылда 363 адам тұрып жатыр. 51 абонент бар.
Мыңға жуық тұрғыны бар Мақташы ауылындағы газ тарту жұмыстары 2021 жылы басталған. Он шақырымнан астам құбыр жүргізіліп, бүгінде 174 абонент үйлеріне газ тарту шаруасына кіріскен.
Ақжол ауылында 748 адам тұрып жатыр. 124 абонент бар. Ауылға тартылған газ құбырының ұзақтығы 9 шақырымға жуықтайды.
Жалпы, бүгінде аудандағы 57 елді мекеннің 22-сі табиғи газбен қамтылып отыр. Қазан айының соңына дейін ауданның тағы 10 елді мекеніне табиғи газ тарту жұмыстарын аяқтау көзделуде.
Сондай-ақ, Сарыағаш қаласына қарасты Талас, Өзкент көшелерінің тұрғындары да көгілдір отынға қол жеткізді. Мемлекеттің міндеті – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеріп, олардың келешекке деген сенімдерін арттыру. Қаладағы екі көшенің үйлеріне табиғи газ берілуі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Талас, Өзкент көшелерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстары биыл қаңтар айында басталып, маусым айында аяқталды. Нәтижесінде, 86 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылды.