САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНДЕ ДЕМАЛУДА

«Балалар – болашағымыз» дегендей мемлекет тарапынан жас ұрпақтың денсаулығы мықты, саналы да білімді, отаншыл болып өсуіне барлық жағдайларды жасауға тапсырма берілген. Облыс, қала, аудан басшылары жыл бойы балаларды қорғау, оларға барлық жағдай жасау бағытында нақты жұмыстар атқарып келеді.
Биылғы жазғы маусымдаТүркістан облысының Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Демалыс аймағының ашылуы кентаулық бүлдіршіндердің жазғы каникулдарын жақсы өткізуіне қосымша ашылған мүмкіндік болды. Жазғы сауықтыру лагерінің қала іргесіндегі ауылдан ашылуы балалардың ата-анасынан алыс емес жерде табиғаты керемет орында жазғы демалыстарының бір бөлігін өткізулеріне жағдай жасады. Балалар мұнда демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік алады.
«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Жалпы аумағы — 20 гектар. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлап отыр.
Алғашқы ауысымда демалушы балалардың ата-аналары кентаулық бүлдіршіндер үшін осындай тамаша, түрлі спорттық, басқа да жабдықтар мен жайлы да пайдалы жағдайлар жасаған белсенді азаматтарға шын ниетпен риза болуда.