МАҚСАТ – ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАП ҚАЛУ

0
67

Отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтап қалу бағытында облыс аумағында көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі Түркістан қаласында «Neke tour» республикалық байқауының ұйымдастырылуы. Бұл байқауға ресми некедегі жас жұбайлар мен неке қию туралы куәлігі бар жасы 18-ден асқан жұбайлар қатысады. Биыл екінші рет қатарынан ұйымдастырылған байқауға 100-ге жуық жұп өтінім жіберді. Іріктелген 20 жұп «Шаңырақ», «Махаббат», «Ару», «Жанұя» номинацияларымен марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан түрлі сыйлықтарға ие болды.
Бас жүлде – «Шаңырақ» номинациясының иегері Түркістанға бару және қайту, қонақ үйде тұру, кешкі ас және фотосессия мен дәстүрге сай неке қиюға жолдама алды. Сонымен қатар өзге де номинацияға ие болған жұптар да белгіленген сый-сияпаттарға ие болды. Қатысушылар үшін киелі өңірде неке қиюдың барлық жөн-жоралғысы дайындалды.
Алғашқы күні қала имамдары жұптардың некесін қиып, отбасылық қадамдарына ашық жол тіледі. Халқымызда неке – қасиетті ұғым, беріктік шарты, отбасы құрудың негізі екенін, отбасылық өмірде арадағы сыйластық, құрмет, адалдық қасиеттерін сақтаудың маңыздылығын айтты. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры Серік Сандыбаев қатысушылардың Түркістанда неке қиюға деген белсенділігіне алғыс білдіріп, екі күн қатарынан жас жұбайларды қызықты мәдени және экскурсиялық бағдарламамен қамтып, риза етті.
Жалпы еліміздің түкпір-түкпірінен рухани мекенде неке қиюға ниет білдірушілер қатары жыл сайын өсе түспек. «Neke tour» неке қию рәсіміне Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Кентау және Түркістан қаласы мен облысынан өтінімдер келіп түскен болатын. Өтінім берушілер, өмірлеріндегі ерекше күнде киелі Түркістанда неке қию – көптен ойлаған тілектері екенін айтты. Өйткені жұптар тек некесін қиып қана қоймай, Түркістан облысының көрікті жерлеріне саяхат жасап, маңызды күнді есте қаларлықтай етіп өткізеді. Атап айтқанда, іс-шараның екінші күнінде танымдық және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар Арыстан баб және Гаухар ана кесенесі мен Отырар қалашығы, Отырар музейінің тарихымен танысты.
Аталған іс-шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізудегі басты мақсат — ұлттық салт-дәстүрлерді жас жұбайларға таныстыру арқылы отбасылық құндылықтардың маңыздылығын сақтап қалу.