ЕРЕКШЕ БАЛАБАҚШАДА ЕРЕКШЕ ТӘРБИЕЛЕНУДЕ

«Жас ұрпақ – болашақ», «Бар жақсымыз – балаларға» деп мемлекетіміз балаларды жан-жақты етіп тәрбиелеу мен білім беруге, қорғау мен қолдауға тырысып келеді. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар ана мен баланы қорғауға, солардың жайлы да жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Әлемде мемлекетінің болашағын ерте бастан ойлаған елдерде, мәселен, Жапония, Қытайда балабақша мен бастауыш мектептерде сәбилерді еңбекке, ойлауға, тапқырлыққа, жауапкершілікке баулуды бастайды екен. Біздің елде де бүлдіршіндерді қоршаған орта, өмірге бейімдеу, білім мен тәрбиенің негіздеріне баулу балабақшадан басталады.
Түркістан облысының Келес ауданында ерекше балабақша бар. Мұнда бүлдіршіндерді тек ойнатып, оларға білім беріп қана қоймайды. Сонымен қатар, еңбекке де баулиды. Мектеп жасына дейінгі қыз балалалар тігіс пен ас әзірлеуді үйренсе, өзгелері саз балшықтан бұйымдар жасайды. Бес жастағы қыз балалар асханада түрлі тәттілерді пісіруді, тігін бөлмесінде өздеріне арналған тігін машиналармен түрлі бұйымдарды тігуді үйренеді. Тігін орталығында балалар қарапайым тігістерді, алжапқыш, орамал, тағы басқа шағын бұйымдарды тігуге үйренуде. Алғаш бастағанда бүлдіршіндердің қолы епке келмей біраз қиналғанымен тәрбиешілердің үйретуімен біртіндеп тігін тігуді тәп-тәуір үйреніп келеді.
Балабақшаның тағы бір ерекшелігі мұнда бүлдіршіндер саз балшықпен жұмыс істеп, қол қимылын ширатады. Түрлі пішіндегі қыш құмыралар мен ойыншықтар жасап, оны өздері бояйды. 5 жасар Алтынай Оразбай саз балшықпен жұмыс істеуді жақсы меңгеріп, қазір тіпті бұйымдарын байқауларға ұсынып жүр екен.
Бүлдіршіндердің көнеден келе жатқан қыш өнерін үйренуге деген қызығушылығы мол. Өз кезегінде педагог-психологтар құмыра жасау әсіресе аутизм сияқты дертке шалдыққан балаларға пайдалы, дейді.
Аутизммен ауыратын балалардың зейіні бірдеңеге бағытталған. Балаға бір жұмысты беріп, бағыттап қойса бала күнделікті өзі келіп, сол жұмысты ары қарай істеп кете алады. Әрі баланың сөйлеуге қабілеті дами бастайды.
Балабақшаның оқу бағдарламасына «ақсүйек», «шаңырақ», «бес тас», «асық» сияқты ұмыт бола бастаған ойындар да енгізілген. Осылайша бүлдіршіндер бақытты балалық шақ аймағында еңбекке де ерте үйреніп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп тәрбиеленіп жатыр. Жастайынан еңбекке баулынып, ұлттық үрдістермен танысып, ойлауға, тапқырлыққа бейімдейтін тәрбие көріп өскен балалар өсе келе отаншыл, жауапкершілігі жоғары азамат болып шығады. Ел болашағы дегеніміз сол.