КӨПБАЛАЛЫ ЕКІ ОТБАСЫНА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

0
56

Қазақстан Республикасында мемлекеттік деңгейде «Ана мен баланы қорғау» мәселесі қолға алынған. Арнайы бағдарламалар мен жобалар арқылы ана мен балаларды қорғау, қолдау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы да жақсы өмір сүруіне мүмкіндік жасау жүзеге асырылып келеді. Бұл іске мейірімді де бақуатты азаматтар да қолдау білдіріп, шапағатты істерімен ана мен балаға бақыт сыйлауда. Әсіресе, көпбалалы аналарға түрлі көмектер ұйымдастырып, тіпті баспанамен де қамтамасыз етуге қайырымды жандар да үлес қосуда.
Сауран ауданының тумасы, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов өз демеушілігімен көпбалалы екі отбасыға баспана кілтін табыстады. Аталған отбасының қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байспаев және аудан әкімдігінің қызметкерлері арнайы барып, жомарттық жасаған облыстық мәслихат депутатына ізгі тілектерін білдірді. Отбасы мүшелеріне сый-құрметін көрсетті.
Бүгінгі таңда тұрғын үйлер толығымен аяқталған. Баспана іші қазіргі заман талабына сай жабдықталып, жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Ас үй мен қонақ бөлмесі де ерекше безендірілген. Сонымен қатар үй қажетті жиһаздармен толық қамтамасыз етілген.
–Жалпы, жұртқа қайырымдылық жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борыш. Мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Ауданда жүрегі мейірім мен шапағатқа толы азаматтарымыз көп. Бүгінгі жаңа баспананы тұрғызып, екі бірдей отбасыға үлкен қуаныш сыйлағаныңыз үшін Баймахан Тоймаханұлы сізге алғысым шексіз, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аудан көлемінде тұрғын үйге мұқтаждардың санын азайтып, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталығынан 24 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталатын болады.