САПАЛЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ӘКІМДІК НАЗАРЫНДА

0
89

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін елдімекендерді ауызсу, газ, электр, жол сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етудің маңызы зор. Өмір сүруге барлық жайлы жағдай жасалған адамдардың еңбекке құлшынысы да жоғары болатыны белгілі. Сондықтан Сайрам ауданында аталған бағыттағы жұмыстардың жүзеге асырылуы үнемі назардан тыс қалмайды.
Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев жауапты тұлғалармен бірге Көлкент ауылдық округі, Қосбұлақ ауылын арнайы аралады. Аралау аясында аудан әкімдігінің тиісті тұлғаларымен бірге Жаңақұрылыс аумағы, 24,8 га жер теліміндегі ауызсу жүйесі бойынша жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Жауапты мердігер мекеме өкілдерімен жолығып, аталған тақырып төңірегінде туындаған бірқатар мәселелерді талқылады.
Аталмыш нысанның құрылысы 2023 жылы желтоқсан айында басталған еді. Қазіргі таңда «Сафа инжиниринг» ЖШС техникалық қадағалауындағы «QAZ STROY EVEREST» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысан 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарын жіті қадағалады. Жауапты мердігер мекеме басшысына ауыз су құбыры желілерін уақытылы тексеру және қысымдау жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігін айтты.
Көлкент ауылдық округіндегі ауызсу жүйелерін бақылау жайлы аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиевтің кезекті аралауы Молыбай Оразалиев ауылында жалғасты. Аралау барысында Жаңақұрылыс аумағы, 10,06 га жер теліміндегі инфрақұрылым жүйелерінің, атап айтқанда, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Тиісті мердігер мекеме өкілдерімен тілдесіп, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Бұл нысанның да құрылысы 2023 жылы желтоқсан айында басталған болатын. Бүгінде «Шаңырақ ордасы» ЖШС техникалық қадағалауындағы «BF.Элит-Құрылыс» ЖШС мердігер мекеме тарапынан су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.
Аудан әкімінің орынбасары құрылысқа жауапты мердігер мекеме басшысына құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырды. Елді мекенге баратын магистралды су құбыры мен елді мекеннің ішкі көшелерінің су құбырларына тексеру, қысымдау жұмыстарын бекітілген кестеге сай жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, жауапты бөлім басшысына бақылау жұмыстарын күшейту керектігін айтты.