ЖҰМЫС САПАЛЫ ӘРІ МЕРЗІМІНДЕ ОРЫНДАЛУЫ ҚАЖЕТ

0
81

Мемлекеттің экономикасының жоғары болуы мен даму қарқынының биіктігі өңірлердің нәтижелі жұмыс жасауына байланысты екені белгілі. Әрбір өңірде өздеріне тапсырылған, өздері жоспарлап, орындауды міндетіне алған жұмыстарын толық сапалы әрі мерзімінде орындауына қол жеткізе алуы сол өңірдің ғана емес мемлекеттің қуаттылығының кеплілі болмақ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қала, аудан басшыларын өздерінің аумағына қарайтын елдімекендердегі барлық жұмыстарды қатаң бақылап, назарында ұстаумен қатар ол жұмыстардың жоспарға сай орындалуына қол жеткізуі олардың жұмыстарының негізгі көрсеткіші екенін ескерткен. Сондықтан да облыс қала, аудандарының басшылары өздерінің міндеттерін абыроймен атқарып, нәтижелі жұмыс жасауға ұмтылады.
Облыстың Келес ауданында да аудан басшылығы Мемлекет басшысының алға қоған міндеттері мен облыс басшысының тапсырмалары мен талаптарын жүзеге асыру бағытында жауапкершілікпен жұмыс жасап келеді.Апта басында әдеттегідей аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Аппараттың күн тәртібінде тазалық мәселесі қаралды. Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Лездемелік жиынның күн тәртібінде алғашқы болып, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары тазалық бойынша баяндама оқыды. Баяндама барысында аудан аумағындағы санитарлық тазалық пен тұрғын үйлердің қасбеттері және қоршауларды ретке келтіру жұмыстарының нәтижелері сараланды. Жалпы баяндама барысында сұрақ-жауаптар туындап, өзге де мәселелер айтылды. Оның ішінде ескі полигондарды жабу, елді мекендердегі ауыз су қақпақтарын жөнге келтіру, сондай-ақ ескірген билборд тақтайшаларын реттеу жұмыстары туралы өзектілер талқыланды.
Аудан әкімі апараттық жиындағы талқыланған мәселелерді қорытындылай келе жауапты басшыларға тапсырмалар беріп, сапалы әрі мерзімінде орындау қажеттігін ескертті.
Аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі аппаратында өңірдің 2025 жылға арналған облыстық бюджетті қалыптастыруға қатысты мәжілісі болып өтті. Аудан әкімі модераторлық жасаған жиынға бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Басқосуда Жәнібек Ағыбаев аудан көлеміндегі қаржы қажет ететін елді мекендердің 2025 жылға арналған жобалық сметалық құжаттамалары мен бюджеттік өтінімдерін қарап шықты.
Бюджетті қалыптастыруға қатысты мәжілісте аудан әкімі ауыл және ауылдық округ әкімдерін жеке қабылдады. Аудан әкімі өз кезегінде ауыл әкімдеріне, округтердегі фап, мәдениет үйі, мектеп, аурухана, стадион және балалар ойын алаңшаларының жобалық сметалық құжаттамаларын, тамыз айының 1 жұлдызына дейін басқармаға ұсыну үшін, тиісті жұмыстарды жүргізіп толық аяқтауды тапсырды.