РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАСҚОСУДА ӨҢІРЛІК ҮЗДІК ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Мемлекеттік жастар саясатында жас ұрпақты балабақшадан бастап жан-жақты тәрбиелеп, мектеп қабырғасында заманауи талаптарға сай білім алуына жағдай жасап отаншылдыққа тәрбиелеу, қоғамда белсенді болуға қалыптастыру қарастырылған. Өйткені, қор,ау мен қолдауға зәру жас бүлдіршіндер еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің лайықты болашағы болып жетілуі үшін олармен тұрақты жұмыс есейгенше жалғасырылуы тиісті. Сонда қоғамда жастар белсенділігі артып, олар ел дамуының барлық салаларына белсене үлес қосатын болады.
Төлеби ауданының ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың еденінен бастап шатырына дейін сапалы құрылыс материалдарын қолдана отырып, мерекелік іс-шараларға арналған акт залы, сахна толық жаңартылды. Қазіргі кезде екінші қабаттағы мамандар кабинеті, жеке қабылдау бөлмелері, конференц залдар әрленуде.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілу қажеттігін ескертті. Мердігер мекеме «Construction Group SAMRUK» ЖШС өкіліне Қазақстанның жастары – елдің басты байлығы екенін айтып, ғимараттың құрылысы сапалы жүргізілуін талап етті.
Ғимаратта мәжіліс залы, 300 орындық акт залы, психологиялық, медициналық кеңес беру кабинеттері іске қосылып, аудан жастарын қоғамдық жұмыстарға тартуға мүмкіндіктер қарастырылған.
Сонымен бірге, Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округіндегі Көктөбе лагерінде республикалық «Zhas Camp. Jastar Academy II» лагері іс-шарасы басталды. Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырған республикалық іс-шарасы үш күнге жоспарланып, оған 17 облыс, 3 республикалық маңызы бар қалалардан 300 белсенді жас қатысуда.
Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көшбасшы жастардың басын біріктірген шараға арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты.
Шілде айының 25-27 күндеріне арналған іс-шарада «Úzdik tájirıbe» мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясындағы өңірлік үздік жобалар таныстырылымы өтіп, тимбилдинг ұйымдастырылуда. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, өлкеміздің табиғатын қорғау мақсатында іс-шараға қатысушылар «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында тазалық жұмыстарына үлестерін қосады. «Speech time» республикалық жастар ұйымдары жетекшілерінің таныстырылымы өтіп, концерттік бағдарлама, би кеші жоспарлануда.
Іс-шараның екінші күніне арналған жоспарға сәйкес, «Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілетудегі әріптестік: жастар мен мемлекет диалогтық алаңына жиналып, «Лудомания: қоғамға келген қатер» тақырыбында ҚР мәжіліс депутаты Руслан Берденов спикер болса, жастар арасында командалық ойындар (садақ ату, гір көтеру т.б) ойнатылады.