КӨПБАЛАЛЫЛАР МЕН АЗ ҚАМТЫЛҒАНДАРҒА ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНУДА

Мемлекетіміз қазақстандықтардың жайлы өмір сүруін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылдағаны белгілі. Оның ішінде отбасының беріктігін сақтау мен ана мен баланы қорғауға мүмкіндік беретін баспанамен қамту бойынша да жобалар бар. Отбасының беріктігіне, құндылықтарының сақталуына әр жанұяның, оның ішінде көпбалалы отбасылардың баспанамен қамтамасыз етілуі де әсерін тигізеді. Сондықтан да, Түркістан облысының әкімдігінің тікелей қадағалуымен баспанаға байланысты жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласы, Асемай, Болашақ шағын аудандарында салынып жатқан 120 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы отбасылары үшін салынуда. Арман Романұлы тұрғын үйлердің құрылысын аралап, мамандарға сапасы мен жұмыс қарқынын қадағалауды тапсырды.
Айта кетсек, тұрғын үйлер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» №736 қаулысына сәйкес, бағдарламасымен жүзеге асуда. Тұрғын үй құрылысын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, Шардара қаласы, Шардара-Жетісай бағытына кіші сәулеттік абаттандыру құрылысымен танысты. Ондағы сәулеттік жобаларды қарап, идеяларды талқылады.
«Тұрғын үй кезегінде жылдап тұрғандарды баспанамен қамту үшін барынша әрекет жасауымыз қажет. Білемін мыңдаған тұрғын үй салуға бюджет қаражаты жетпейді, бірақ жылда аз-аздан салаберсек үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамтып, қуаныш сыйлаймыз. Сол үшін барынша қарқынды жұмыс жасауымыз керек. Сонымен қатар, ауданға кіреберіс жерлерін және қала іштерін абаттандырып, келушілер мен аудан тұрғындарының көрікті мекенде жүруіне жағдай жасау басты міндеттеріміздің бірі.»- деді Арман Романұлы.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасына сәйкес, Шардара қаласындағы көшелерде пайда болған шұңқырларды ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджетен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары нәтижесімен, “Строительная компания“ Строймонтаж” ЖШС жеңімпаз болып анықталған болатын. Бүгінгі күні мердігер компания Шардара қаласындағы негізгі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын бастады. Шардара қаласы бойынша 2500 (кв) шаршы метр жолдағы шұңқырларды жөндеуден өткізу жоспарлануда.