ЖЕР ҚОЙНАУЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыруда Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Әр өңірде экономикалық, өндірістік қуатын арттыру үшін барлық салалардың жұмысын ширатып, тиімділігін арттыруға назар аударылуда. Аудан басшылар қарамағындағы жауаптылармен жиі бас қосып өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолдарын, жоспалы жұмыстарды уақтылы орындау мүмкіндіктерін қарастырады.
Таяуда Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Жиынға Сауран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Исабаев, аудандық статистика басқармасының басшысы Камилжан Нурышов пен жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын басшылары қатысты.
Кездесуде жер қойнауын пайдаланушылардың ауданға тіркелуі, аудандық статистика басқармасына айлық және тоқсандық есептіліктерді және өнім көлемдерін ауданға мерзімінде тапсыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған төлемдері, ауыр жүк көліктеріне арналған салмақ өлшеуіш таразы орнату туралы мәселелер қаралды. Кәсіпкерлер тарапынан сұрақтар қойылып, ауыр жүк көліктерінің жүруі бағыты бойынша баламалы жол салу ұсынылды. Бұл бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдас Мырзабековке айтылып, алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуді тапсырды.
Аудан әкімі соңғы жылдары аудан аумағында жер қойнауын пайдалану, қазба жұмыстарының қоршаған ортаға кері әсері туралы түрлі пікірлер айтылып, халық арасында үлкен әлеуметтік мәселелер көтеріліп жатқанын атап өтті.
Сондықтан, кәсіпкерлер құқығын қорғау және жұртшылықтың пікірін назарға алу үшін осындай әлеуметтік мәселелерге тиісті қорытынды шығарып, заңсыз жер қойнауын пайдаланушылардың алдын-алу мақсатында аудан әкімдігі осы кездесуді арнайы өткізіп жатқанын жеткізді.
Сол сияқты аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде бой көтеріп жатқан 600 орындық «Жайлы мектепке» баратын жолдың құрылыс жұмыстарын арнайы барып тексерді. Құрылыс нысаны басында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Тәукебаев, тиісті мекеме басшылары болды.
Бүгінгі таңда аталған 600 орындық «Жайлы мектептің» инфрақұрылымдарының құрылыстары жүргізілуде. Онда ауыз су, электр қуаты, жылу, сарқынды су, жол, аяқ жолдар мен көше жарықтары енгізілген. Тапсырыс беруші аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі. Жұмысты «Sunkar Building-A» ЖШС мекемесі жүргізуде. Жобаға сәйкес, асфальт және жаяу жүргінші жолы — 691 метр, 2 дана аялдама жасалуы тиіс. Жолдың ені – 6 метр, екі жақты тас арық, аяқ жолдың ені 1,5 метрді құрайды. Бүгінгі таңға жолдың негізгі жұмыстары жүргізілуде.