ЗАМАНАУИ БАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ ОРНАТЫЛУДА

Мемлекет басшысының халықтың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайларды жасау туралы тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысында көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Өйткені әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен өмір сүру деңгейі жасалған тұрғындардың еңбегі де еселі болады. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық қала, аудандарында жүрзіліп жатыр.
Соның ішінде Арыс қаласының тұрғындары мен қонақтарына қолайлы және қауіпсіз демалыс ортасын қамтамасыз ету мақсатында, соңғы жылдары қала саябақтары мен аллеяларында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жауапты мердігер мекеме тарапынан демалыс аумақтарын күнделікті күтіп-ұстау, түнгі жарықтандыру және автоматты суару жүйелерін енгізу сияқты шараларды тұрақты түрде жүзеге асыруда.
Өкінішке қарай, бұзақылардың әрекеттері бұл жұмыстардың нәтижелерін еш етуде. Орындықтардың, жарық лампаларының және автоматты суғару жүйелерінің бүлінуі жиі кездесетін жағдайға айналды. Бұл жағдайлар қала инфрақұрылымына ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың демалыс сапасына да кері әсер етеді.
Осы мәселелерді шешу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында, «Khazakh Real Stroy» мекемесі саябақтар мен аллеяларға бейнебақылау камераларын орнату туралы шешім қабылдады. Бұл шара бірінші кезекте қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және демалыс орындарын күтіп ұстауға бағытталған. Бүгінде қашықтан басқарылатын, 360 градусқа бұрылатын, дыбыс жаза алатын заманауи бақылау камералары «Теміржолшылар» саябағы мен «Қасірет» мемориалы аумағына орнатылды. Алдағы онкүндікте тағы басқа саябақтарға орнату жоспарлануда.
Бейнебақылау камералары бұзақылық әрекеттерді азайтуға, құқық бұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін арттырады. Әрі қаладағы инфрақұрылымдардың тұрғындарға қызмет етуінің мерзімін де ұзартады. Сонымен бірге халықтың еңбек күнінен кейін жайлы жағдайда демалып, келесі күнге қуат жинауына да септігін тигізеді.