ТУҒАН АУЫЛЫНА ЗАМАНАУИ МЕКТЕП САЛУДА

Мемлекеттің болашағы оның жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруімен байланысты. Яғни балабақша мен мектептерде бүлдіршіндер білім мен тәрбие алуына заманауи жабдықтармен толық жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан бұл бағытта бірнеше бағдарламалар жұмыс жасап, жайлы да сапалы білім беру нысандары салынуда. Сонымен қатар, «Туған жерге туыңды тік!» ұранымен кіндік қаны тамған ауылдарына балабақша, мектеп салып беріп, алғысқа бөленген азаматтар да аз емес. Солардың бірі саурандық Нұрсұлтан Абдуллаев есімді азамат.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «Jalil Abdullaev ziatkerlik mektebi» ЖШС құрылыс жұмыстарымен танысты. Мектеп 954 балаға арналған, оқу орынның құрылтайшысы Сауран аудандық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев. Білім ордасының атауы ауыл жанашыры, 40 жыл педагог болып жұмыс атқарған, Ұлы Отан соғысы ардагері, «Германияны жеңгені үшін» төсбелгісінің иегері, білім саласының үздігі болған Жалил Абдуллаевтың құрметіне қойылған.
Мектеп соңғы үлгіде салынып барлық заманауи оқу-құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Интерактивті тақталар, ноутбуктер, физика, химия, биология сыныптары лабораториялық кабинеттері және оқу процесіне керекті құрылғылармен толықтай жабдықталған. Мектепте білім алушылар мемлекеттік талаптарға сай оқытылады, түстен кейін таңдаған пәндері бойынша қосымша білім беріледі. Зияткерлік білім ошағында үш тілде дәріс беріледі. Онда қазақ, орыс және өзбек тілдері оқытылады. Орыс тілде сабақ беру де бастауыш сыныптан басталады. Жаратылыстану бағыты тереңдетілген. Химия, биология, физика, математика, информатика мен география пәндеріне басымдылық беріледі. Өйткені, мемлекет басшысының жолдауларында «заманауи нақты ғылымдарға ерекше назар аударылып, жас ұрпақ ел дамуына қажетті мамандықтарды меңгеріп, зымыран заман дамуына ілесе алатындай білімді болуы керек» деп айтқанындай, әлемнің дамуында жаратылыстану ғылымдарының орны бөлек.
Бастауыш сыныптарда дәрістер таңертең басталып, түскі уақытқа дейін өткізіледі. Олар әлеуметтік жағдайына қарай ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Түстен кейінгі уақытта түрлі спорттық, мәдени үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Атап өтетін болсақ, футбол, баскетбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі мен гимнастика, би, домбыра, жалпы музыкалық аспаптар бойынша да үйірмелер болады. Бастауыш пен жоғарғы сынып оқушылары таңдауларына қарай бос уақыттарында үйірмелерге қатыса алады.
Таңдау пәніне байланысты бітіруші сыныптарға қосымша сабақ беріліп, арнайы семинар-тренигтер өткізіледі. Бір артықшылығы білім алушылар мұнда үй тапсырмасын мектеп қабырғасында орындап, аяқтай алады. Сонымен қатар өздерінің қызығушылығына байланысты түрлі пәндік үйірмелерде білімін шыңдауларына да мүмкіндік бар. Оларда қатысқан оқушылар үздік көрсеткіштерге жетсе пәндік олимпиадаларға жолдама алатын болады. Оқушылар жан-жақты білім алу мен қатар, білім ордасында спортпен де шұғылдана алады. Мектептің ішінде де сыртқы ауласында да спорт залы бар. Оқушыларың соларда спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға мүмкіндіктері бар. Спортқа құштарлығы жоғары болып, белгілі бір спорт түрімен тұрақты жаттығып, республикалық жарыстарда топ жарған спортшыларға арнайы дәріс берілетін болады.
Жаңа оқу ғимараты жаңа оқу жылында толық аяқталып, қолданысқа беріледі.