БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

0
58

Мемлекет басшысы жас ұрпақтың саналы да тәрбиелі болып өсуі, білім мен ғылымға құштарлығы артып бос уақытын тиімді өткізуі керек. Ол үшін мемлекеттік мекемелер, ата-аналар, мектеп пен қоғамдық ұйымдар барлығы бірлесе отырып жеткіншектеріміздің тәлім-тәрбиесіне қадағалау жасауы керек. Бала қауіпсіздігіне тұрақты мән беріп, балалардың теріс жолға түсіп, жаман әдеттерді бойына сіңіруіне жол берілмеуі керек, деп ел болашағы –жас ұрпаққа ерекше назар бөлуді тапсырған. Өйткені, қазіргідей ғылым мен білім арқылы дамып бара жатқан мемлекеттермен үзеңгі қағыстырып қатар даму үшін заманауи тәлім-тәрбие мен білім алған алғыр да дені сау ұрпақ өсіруге жұмыс жасалуы қажет.
Мұндай жұмыстар мемлекеттік Жастар саясатына, ана мен баланы қорғаудан бастап жеткіншектердің қауіпсіздігіне, дені сау, білімді де білікті болып өсуіне арналған бағдарламалар мен тұрақты жұмыстар арқылы жүзеге асырылып келеді.
Түркістан облысында жыл басынан бері мектеп оқушылары мен студент жастар және халық арасында нашақорлыққа қарсы 260-тан астам профилактикалық іс-шаралары өткен. Оған жалпы 44 мыңнан астам адам қатысқан. Сондай-ақ, облыс аумағындағы көшелер мен қоғамдық орындарда арнайы билбордтар және LED экрандарға ескертпелер орналастырылған. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасында қоғамдық орындарда есірткі тұтыну фактілері орын алмаған. Бұл жайында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Амангелді Бурханов брифингте мәлімдеді.
— 2024 жылдың 6 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек тіркелді. Оның ішінде 201-не қылмыстық іс тіркелсе, 222 жағдайда айыппұл салынған. Заңсыз айналымнан 200 килограмм 776,57 грамм есірткі тәркіленді, — деді спикер.
Сонымен қатар, Амангелді Сәпиұлы синтетикалық есірткіге қарсы күрес жайында айтты. Биыл жыл басынан бері синтетикалық есірткімен байланысты 24 дерек анықталып, жалпы 1 килограмнан астам түрлі синтетикалық есірткі заттары тәркіленген.
Ал, Түркістан облыстық білім беру басқармасына қарасты «Балауса» жазғы сауықтыру демалыс лагерінде «Есірткіге жол жоқ!» ұранымен кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында кіші футболдан, эстафеталық жарыстан және тәрбиешілер арасында дойбы ойындарынан спорттық сайыс өткізілді. Аталған шараға 150-ден аса жасөспірім қатысып, салауатты өмір салтын ұстана отырып, есірткіге қарсы бірге тұруды мақсат етті.
Полиция департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізілген сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған жеткіншектер мен олардың командаларына полиция департаментінің тарапынан бағалы сыйлықтар және департамент бастығының алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, белсенді ойын көрсеткен ойыншылар кубок және медальдармен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен кейін Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Нұрлыбай сөз алып, жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіден аулақ болуға шақырды.
Өз кезегінде сайыстан ерекше әсер алған жеткіншектер полицей ағаларына өз алғыстарын білдіріп, салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіден аулақ болып, құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алуға сөз берді.
Балалардың жазғы демалысы кезінде қала-ауданаралық көлік қатынасы жиілейтіні белгілі. Соған орай полиция департаменті қызметкерлері балалардың қауіпсіздігіне байланысты да арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, насихаттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда.
Дүниежүзілік талдаулар көліктегі автоорындықтар, бустерлер және адаптер құрылғылары балалардың жол қозғалысындағы жарақат алуынан қорғайтынын дәлелдеген. Біз балаларға қауіпсіздік деңгейін бағалауды үйренуге және қиын жағдайларда өздерін сенімді сезінуге көмектесуіміз керек.12 жасқа толмаған бала көлікке міндетті түрде арнайы автоорындық арқылы отырғызылуы тиіс екенін, талап сақталмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделгенін, балалардың жолдан тек бағдаршамның жасыл жануында, арнайы белгіленген жолақпен өтуінің маңыздылығы да ескертілген. Бала қауіпсіздігіне полиция қызметкерлерімен қатар ата-ананың да арқалар жауапкершілігі жоғары екенін ұмытпаған абзал.